Президентте мораторий жариялау құқығы қалады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Конституция өзгерістері Қазақстан Президентінің мораторий жариялау құқығына әсер етпейді. Бұл жайында бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Отырыс барысында Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Президенттің заңдық күші бар Жарлықтар шығару құқығын жою мәселесіне күдік келтірді.

«Қолданыстағы Конституция Президентке заңдық күші бар Заңдар немесе Жарлықтар шығару құқығын берді. Түзетулер  жобасында Конституцияның 45-бабы 2-тармағынан бұл құқықты жою ұсынылады.  Дегенмен тәуелсіздік жылдарында Президент үш мәрте мораторий жариялап, дағдарыс кезеңінде ол кәсіпкерлікке айтарлықтай қолдау болды. Тіпті олардың кейбірін құлдыраудан құтқарып қалды. Бүгінде бизнестің осы мәселеге байланысты қаупі бар. Президенттің мораторий жариялау құқығы сақтала ма? Және ол қандай нормалар негізінде сақталмақ?» - деп сұрады ол Жақсыбековтен.

Президент әкімшілігінің басшысы өз кезегінде Президенттің мұндай құқығы сақталатындығын баса айтты.

«Конституцияның 45-бабы 1-тармағына сәйкес Республика Президенті Конституция мен Заңдар негізінде елдің бүкіл аумағында міндетті күші бар Жарлықтар мен Өкімдер шығарады. Сіз атап өткен мораторий осындай Жарлықтармен бекітіледі. Бұл құқық Президентте сақталады», - деді ол.