Президенттен орден алған шопан: Қойыма түскен қасқырмен өзім айқастым

АҚТАУ. ҚазАқпарат – Тәуеліздік күні мерекесі қарсаңында ақтаулық шопан Есет Өтесов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан орден алды. Осы оқиғадан алған әсерлері жөнінде ол ҚазАқпарат тілшісімен бөлісті.

- Есет аға, сізді құттықтаймын! Мемлекет басшысының Тәуелсіздік тойы қарсаңында еңбегі еленген ерлерді ел алдында ардақтап, абыройын көтеретіні бар. Үрдіс  үзілген жоқ. Азаттықтың 28 жылдық мерейтойы қарсаңында, Ақорданың төрінде марапатталғандар қатарында сіз де барсыз. Қалың көпшілік үшін бұл елең етерлік жаңалық болды. Президенттен медаль алатыныңызды естігенде қандай күйде болдыңыз?

- Айналайын, сенбедім. Ақтауға барып, марапат алатын шығармын деп ойладым. Елордаға бару керектігін естігенде бірден бас тарттым. Шынымды айтсам, қобалжыдым. Президенттің өзі табыстайды дегенді 1 апта бұрын «Жайлау» ЖШС басшысы Амантай айтты. Оған мен түгілі, отбасым да сенген жоқ. Әйелім күліп, мүмкін емес, сонау елордадан сені шақырғаны қалай деп, таңқалды. Туысқандарым естіп, бауырларым келді. Дереу, костюм іздеуге кірісті. Галстук сатып алдық, оны тақпаймын дедім. Өмір бойы малдың артында жүрген адам  аяқ астынан қалай үйрене қойсын оған. Абдырап жүріп, жолға шықтық. 53 жасқа келгенде осылай болады деп үш ұйықтасам түсіме де кірмепті. Бұл да бір тәңірдің сыйы шығар. Оның үстіне, Ақтаудан басқа қалаға барып көрмеген адаммын.  

- Демек, алғашқы сапарыңызды Нұр-сұлтан қаласынан бастадыңыз. Сәні мен салтанаты жарасқан елордада 2 күніңізді қалай өткіздіңіз? Ақордадағы кездесуіңіз қалай өтті?

- Өзім бара алмайтынымды білемін ғой, сосын басшым Амантайдан менімен бірге баруын сұрадым. Ұшақпен кеттік. Тіпті, оны Ақордаға алып кірдім. Марапаттаған кезде де қасымда отырды (күлді). Сен ішке кірмесең, мен бармаймын, дедім. Президент резиденциясы өте керемет ғимарат екен. Барлығы мәрмәрмен көмкерілген. Алдын-ала жүріп, шығуымызды үйретті. Әп-сәтте өте шықты. Қобалжып едім, III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін Президент кеудеме таққандағы қуанышымды жеткізе алмаймын. Ол қарапайым адам екен. Шыққан соң, журналистер келіп, сұрақтарын жаудыра бастады. Тіптен, абдырап қалдым. Ел алдында сөйлеп көрмеген соң, не айтарымды білмедім. Кейін Ақордада Тамара Асар үйіне қонаққа шақырды. Екі күн бойы жиенім қыдыртып, «Бәйтерек» монументіне, «Хан Шатырға», «Думанға» апарды. Күн суық екен. Қалың қар. Енді елордаға баруым, өмірімнің бір естен кетпес, естелігі болар. 

- Есет аға, өзіңіз туралы әңгімемізді өрбітейік. Отбасыңыз, шаруашылығыңыз жайлы.

- Мен 1966 жылы Түпқараған ауданы, Қызылөзен ауылында дүниеге келдім. Отбасымда 2 қарындасым, 5 бауырым бар. 8 жылдық мектепті бітірдім. 1985 жылдары 19 жасымда әскерге аттандым. Келген соң әкем Сираж Өтесов қасына қой бағысуға алды. Сол уақыттан бері осы шаруашылықтың отымен кіріп, күлімен шығамын. Күн райының құбылғыш қасиетіне бой алдырмай, қиындығына қарамай, күні-түні малда жүреміз. Кеш отау құрдым. Жанұямда 2 қыз, 2 балам бар. Қазір «Жайлау» ЖШС-де шопанмын. Өзімнің қойларым да, шарушылықтың қойлары да бар. Барлығы 1000-ға жуық қой, 20 түйе, 30 шақты жылқы бар. Қазір ең кіші інім Елғожа көмектеседі. 2000 жылы туған баламды да қасыма алып жүремін. Ол қазір колледжде. Бірақ, сенбі, жексенбі қыстауға алып кетемін. Өзі көмектесемін дейді, оған қызық. Қыстау қазір Сайын ауылынан 33 шақырым жерде. Ал, жазда 50 шақырым қашықтыққа кетеміз. Қазір шөбіміз құнарсыз болып, малды қоректендіру қиындау болып тұр. Жалпы, бірнеше күн бойы ат үстінде өкпек желдің өтінде жүріп, қарлы боранға қарамастан отар қойды ұстасам да ешқашан осы ісімді тастаймын деген ой болмаған. Бұл – менің міндетім деп білемін.  Ата кәсіпті жалғастырып, шопан болғаныма мақтанамын.

- Төрт мезгілде де тыным таппай, маңдайы күнге күйіп, табаны тасқа тиіп, тер төгетін нағыз еңбеккерлер – қойшылар ғой. Дала өрісіндегі шаруалардың өмірі жылжыған жылдармен жалғаса береді. Сол жылдардың ішінде сіздің басыңыздан алуан түрлі оқиға өткен шығар. Солардың біреуін еске түсірсеңіз?

- Әрине, әрқашан қарбалас қимылдың қызу құшағында жүреміз. Бір күні отарымыз әудім жерге кетіп жоғалса, енді бірде қауіп өз басымызға төнеді. Бір естен кетпес оқиғаны айтып өтейін. Бұрындары Маңғыстауда қызыл қасқыр болды. Әкем тірі кезінде қораға түнгі 3-те түсті. Итім үріп, оянып кеттім. Ол кезде жаспын. Қораға тұра жүгірдім. Барсам, қасқыр қойды қырып, жан-жаққа лақтырып, өлтіріп жатыр екен. Ойланбастан қасқырмен шайқаса кеттім. Қалғандары да оянып, көмекке келді. Иттің де көмегі тиді. Сол уақытта 10-ға жуық қой мен ешкіні жеп кетті. Енді, қой өлмей тұрмайды. Әсіресе, мал төлдейтін уақытта қиындық көп болады. Жаңбыр құйып, қар жауады. 1996 жылдары нөсер болып, 400-дей қойым балшыққа батып, қырылып қалды. Сағым сынбады. Қайтадан малдың басын көбейттім. Маңғыстауда қалың қар түспейді. Бірақ, 2000 - жылдары қардың қалыңдығы 1 метрден асты да, қойымыз айдалаға ығып кетті. Ауылдың маңында күртік қардан жүре алмай, тұрып қалған. 1 күн дегенде әзер таптық. Бірнеше күн таба алмай қалған кезім болмады. Бір сәт болса да алыстамаймыз.

- Сізге қазіргі таңда ініңіз бен балаңыз көмектесуде. Өзіңіз айтқандай, олар өз қалауымен, қызығушылығымен жүр. Жалпы, екі қолға бір күрек, бір құрық ұстамай-ақ, күректеп ақша тапқысы келетін жастар мал бағуға неге қызықпайды деп ойлайсыз? Жалақыға жалтақтағаннан көрі,  өз кәсібінің иесі болған жақсы емес пе?

- Қазіргі жастар, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргісі келеді. Мал ұстаудың қызығынан қиындығы көп қой. Күн демейсің, түн демейсің, 24 сағат малдың артындамыз. Шөбі мен суы, жемі бар. Ауа-райының қолайсыздығы мен жыртқыштардан қорғау керек.  Алайда, әр кәсіптің өз несібесі бар. Мысалы, малың болса, еті – азық, жүні – киім, төсек-көрпе, сүтін де сатуға шығарып жүрміз. Көктемге қарай, қойды базарға сатуға апарамыз. Еңбек етсең, пайда шаш етектен. Жастар, қазір қашпау керек. Енді, соңғы кезде Үкімет те мал шаруашылығына көңіл бөліп, түрлі бағдарламалар шығаруда. Естіп жүрмін, осы Маңғыстаудан жас шаруалар барын, Түпқарағандағы жылқы өсіретін фермер жігіт бар. Төрт түлікті өсірудің қыр-сырын меңгеріп, еңбектің дәмін татса, зейнетін көреді.

- Береке мен байлық Шопан ата, Зеңгі бабалардың ізін жалғағандардың шаңырағында дейсіз ғой. Мал баққан кезде қандай да бір жаңа технологияны, мысалы гаджеттерді қолданып көрмедіңіз бе?

- Ондай зат қолданып көрмедім. Табиғи жол ғой (күлді). Атымды мініп алып, жүре береміз. Теледидардан көріп жүрмін кейде. Ұшатын кішкене құрылғымен қойды қарап отырады екен. Қызығып қоямын.. 

- Жасыратыны жоқ, кейбіреулер малшы өмірін қызықсыз, һәм сұрықсыз кейіпте көреді. Қойшылардың көргені тау мен тас қана, дейді. Меншігіңізде не бар? Қой санын арттырудан бөлек, осы жасыңызға дейін не жинадыңыз ?

- Меншігімде үйім, су құятын көлігім және Ваз көлігім бар. Бастысы, осы уақытқа дейін несие алып көрмеген адаммын. Кәсібімнің арқасында ешкімге қарыздар болмадым. Енді болашақта мал санын 800-ге жеткізуді жоспарлап отырмын. Алдағы уақытта жылқы мен түйе сүтін сатылымға шығаруды да көздеп отырмын. Айтпақшы, енді отбасымды Қазақстан ішін аралатуды, елді, жерді көрсетуді армандаймын.

-  Оқырмандарға айтар тілегіңіз бар ма ?!

- Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Бейбітшіліктен артық бақыт бар ма?! Барша қазақстандықтарды тәуелсіздік күнімен құттықтаймын!

- Марапатыңыз тағы құтты болсын, сұхбатыңызға рахмет!