Президенттер жаһандық және аймақтық мәселелер туралы пікір алмасты

Фото: Ақорда

БІШКЕК. KAZINFORM — Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан мен Қырғызстанның көптеген халықаралық түйткілге қатысты ұстанымы – ортақ. Әсіресе, Орталық Азиядағы ықпалдастықты күшейту екі елдің мүддесіне сай келеді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. 

– Биыл аймақтағы мемлекеттер басшылары кезекті Консультативтік кездесуде бас қосып, осы мәселелерді талқылаймыз. Қазақстан мен Қырғызстан Біріккен Ұлттар Ұйымы және басқа да құрылымдар аясында табысты серіктестік орнатқан. Бұл ретте, Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының Орнықты даму мақсаттары бойынша өңірлік орталығын құруға қолдау көрсеткені үшін қырғыз тарапына алғыс айттық. Біз Қырғызстанның 2027-2028 жылдары Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болуын толық қолдаймыз. Қырғыз елінің Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы төрағасы ретінде атқарып жатқан жұмысын жоғары бағалаймыз. 

Қырғыз бауырлар да Қазақстанның Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесі аясындағы бастамаларын үнемі қолдап жүреді. 
Біз бұған ризашылығымызды білдіреміз. Жалпы, бұл сапар екі елдің ынтымақтастығын одан әрі нығайта түсері анық. Бүгінгі келісімдер – соның айқын дәлелі. Енді, соларды тиімді жүзеге асыру маңызды. Қазақ тарапы бұл үшін қажетті әрекеттерді жасауға дайын, – деп қорытындылады сөзін Мемлекет басшысы. 

Айта кетелік Президент аймақтардың ықпалдастығын жандандыруды өзекті мәселенің бірі ретінде атаған еді