Президенттік мәдениет орталығында «Армысың, әз-Наурыз!» мерекесі өтті
Орталықтың мұажайында сақталған сонау сақ дәуіріндегі зергерлік бұйымдар Берел қорғанынан табылған. Енді осы жәдігерліктің алтынмен апталған көшірмелерін орталық зергері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Берік Әлібай бастаған ұсталар кәдесый ретінде қолдан соғып, жұртшылыққа ұсынып отыр. Сонымен бірге осы бұйымдардың арнайы каталог-кітабы да жасалған. Мерекеге жиналғандар сондай-ақ Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Нұржан Қарымсақовтың майлы бояумен салынған «Самұрық», «Сақ сарбаздарының ұрысы» атты көркем туындыларын да тамашалап көрді.
Бұдан кейін концерт залында Түрік Республикасының өнер қайраткері, Гиннесс рекордтар кітабына енген түріктің саз аспабында түрік халық мақамдарын шебер орындайтын Ферхат Дурмуштың концертін тамашалады. Қырғыз қомызшысы Ғалия Тұрысбекқызының өнері де көрермендерді бейжай қалдырмады.
Бұдан әрі Орталықтың ұлттық дәстүрлер театрының әртістері «Армысың, әз-Наурыз!» театрландырылған қойылымын ұсынды. Көрермендер Алдар-көсе, Қожанасыр, Тазша бала, Шығайбай мен оның бәйбішесі, Бізбике сияқты наурыздың басты кейіпкерлеріментанысып, дәстүрлі Наурыз әзіл-оспағына, жастардың өнеріне ризашылықпен қол соқты. Кеш соңында сахна шеберлері мен бүкіл көрермендердің белсене қатысуымен қазақтың «Қара жорға» биі орындалды.