Президенттік мәдениет орталығында Қазақ ұлттық өнер академиясының академигі Марат Нисуповтың жеке көрмесі ашылады

АСТАНА. 28 қазан. ҚазАқпарат - 1- қарашада ҚР Президенттік мәдениет орталығының көрме залында белгілі суретші, КСРО Суретшілер одағы мен Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Қазақ ұлттық өнер академиясының академигі Марат Әлімқұлұлы Нисуповтың жеке көрмесі ашылады және «Елім менің, жерім менің» атты кітабының тұсаукесері өтеді.

Марат Әлімқұлұлы Нисупов 1957 жылы, Талдықорған облысы Киров ауданы Көксу стансасында дүниеге келген. 1978-1982 жылдары Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының көркем-сурет графика факультетін бітіреді. Студент кезінде-ақ республикалық, бүкілодақтық көрмелерге қатысып жүлдегер атанған М. Нисупов институтты бітірген жылы сол оқу орынының көркем-сурет кафедрасындағы оқытушылық қызметін бастады. 1982 жылы КСРО Жас суретшілер одағына қабылданады.

М. Нисуповтың майлы бояумен салынған "Қобыз неге жылайды?", "Ғасырлар үні", "Комбайншылар" тағы да басқа туындылары көптеген үлкен көрмелерде жүлделерге ие болды. 1990 жылы КСРО Суретшілер одағына қабылданған талантты суретші Дінмұхамед Қонаев, Нұрсұлтан Назарбаев, Асанәлі Әшімов, Бибігүл Төлегенова сынды көптеген өнер адамдары мен мемлекет қайраткерлерінің портреттерін салды. М. Нисупов талантының тағы бір қыры ол - мүсіншілік. Шу қаласындағы Тұрар Рысқұлов ескерткішінің мүсінін Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Тілеуберді Бинашевпен бірлесе отырып сомдаған. М. Нисупов туындылары еліміздегі және көптеген шет ел коллекционерлерінің жинақтарында бар.

Суретші шығармашылығы белгілі бір жанрмен ғана шектеліп қалмайды. Оның қылқаламы портретке де, натюрмортқа да, пейзажға да, этюдқа да аса бейім. Әр шығармасынан оның жанының кіршіксіз тазалығы, ішкі дүниесінің мәні мен мазмұны айқын көрініп тұрады.

М. Нисуповтың ең алғашқы жұмыстарының өзі қазақ халқыныңұлттық мінез-құлқынан хабар беріп тұр. Марат Әлімқұлұлының кейінгі туындылары қазақтың ұлттық бояуымен салынған. Оның ішінде "Көкпар", "Бәйге", "Ата толғауы", "Апам менікі", "Ақжүніс" секілді туындылары салт-дәстүр нақышында бейнеленген. Көрмеге суретшінің 40-тан астам туындысы қойылады.