15:41, 08 Маусым 2009
Президенттік мәдениет орталығында «Қазақстан мәдени ескерткіштеріндегі түркі әлемі» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтеді
АСТАНА. Маусымның 8-і. ҚазАқпарат /Сайлау Абылаев/ – Ертең ҚР Президенттік мәдениет орталығында «Қазақстан мәдени ескерткіштеріндегі түркі әлемі» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Шараны ҚР Президенттік мәдениет орталығы мен Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының «Түркі мұрасы» бөлімі ұйымдастырғалы отыр. Президенттік мәдениет орталығы баспасөз орталығының хабарлауынша, бұл шара Ақмола облысының Ерейментау ауданында Құмай өзенінің сол жағалауындағы Торғай ауылынан солтүстікке қарай 3 шақырым жерде орналасқан түркі дәуірінің Қосбатыр ғұрыптық ескерткішін зерттеу мәселесіне арналмақ. Ескерткішті 2009 жылы сәуір айында ҚР Президенттік мәдениет орталығының қызметкері Берік Әлібай тауып, оны бас ғылыми қызметкер, тарих ғылымдарының кандидаты, түркітанушы Айман Досымбаева зерттеген.Қазіргі таңда түркі ескерткіштерін зерттейтін археологиялық топ қазба жұмыстарын бастап, аталған ескерткішті жан-жақты зерттеуге кірісті. Баспасөз мәслихаты қазақстандықтарды, Астана қаласы мен Ақмола облысының тұрғындарын табылған тарихи ескерткіш туралы жан-жақты хабардар ету мақсатында ұйымдастырылып отыр. Бірегей түркі ғұрыптық ескерткіші тас қалақшаларынан тұратын қос ғұрыптық қоршауды құрайды, олардың біреуінің шығыс жағында түркі тайпасы қолбасшыларының бірінің құрметіне орнатылған тастан ойылып қашалған тас мүсін бар. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, екінші қоршаудың шығысында тұрған әйел адамның мүсіні 2006 жылдан кейін жоқ болып кеткен. Қосбатыр ескерткішінің тарихи құндылығы мен маңызы ? осы күнге дейін қазақ даласында сақталып келгендігі, сондай-ақ әлемдік өркениет қазынасына және түркі халықтарының, қазақ этногенезінің қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан түркі тайпалары мәдениетінің дамуын көрсететін құнды дереккөзі болуында. Баспасөз мәслихатынан кейін Қосбатыр ғұрыптық ескерткішіне экскурсия жасау жоспарланған.