Президенттік Мәдениет орталығы таратқан мәліметтерге қарағанда, кеш 10 ақпан күні сағат 19.00-де басталады.
Зейін Жүнісбекұлы 1912 жылы 31 желтоқсанда Павлодар облысы Баянауыл өлкесінде дүниеге келген. 1930 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін Мәскеудің тарих, философия және әдебиет институтына оқуға түседі. Әдебиеттегі жолын өлең жазумен бастаған ол кейіннен әдебиетті зерттеу ісіне бет бұрады. Кейінірек әдебиет сыншысы болады.
1934 жылы Абайдың ақындық шеберлігі жайында еңбегі жарық көрді. 1940 жылы Е. Исмайловпен бірігіп, жоғарғы оқу орындарына арнап, «Әдебиет теориясы» оқулығын шығарады. Бұдан кейін проза жанрына ойысып, «Таң атты» (1956), «Тоқаш Бокин», (1958) атты тарихи тақырыптардағы романдарын, «Темірқазық» (1960), «Өмір тынысы» (1964) повестерін жазды. Оның «Теміртау» романы Республикамыздағы тұңғыш металлургия саласы мен осы сала өкілдерінің бейнесін суреттесе, «Доктор Дарханов» (1962) атты романы зиялы қауым өкілдерінің қалыптасуын баяндады. «Сенім» романы ғылыми-техникалық прогресс жағдайында шаруашылықты неғұрлым тиімді, пайдалы етіп ұйымдастыру мәселесін көтерді. 1962 жылы Тоқаш Бокин туралы «Дала шапағаты» (орыс тілінде «Степное зарево»), 1965 жылы «Ақын жүрегі» пьесаларын жариялады. Алты томдық шығармалар жинағы 1972 - 79 жылдары аралығында жарық көрді. Зейін Шашкин шығармалары Кеңестер Одағы халықтарының бірқатар тілдеріне аударылған.
Іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, Парламент депутаттары, Астана қаласының тұрғындары мен қонақтары қатысады деп күтілуде.