Президенттік сайлауды уақытынан бұрын өткізу саяси тұрғыдан алғанда салмақты шешім - Е. Ертісбаев

АСТАНА. 31 қаңтар. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Президенттік сайлауды уақытынан бұрын өткізу нақты әрі саяси салмақты шешім.

Бұл туралы бүгін Ақорда Елбасының Қазақстан халқына жасаған Үндеуінен кейінгі брифингте Мемлекет басшысының кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев айтты.

«Менің көзқарасым бойынша, қазіргі қалыптасқан жағдайда бұл өте даналық шешім. Атап айтқанда, бұл тақырыпты біржола жабу үшін президенттік сайлауды уақытынан бұрын өткізу нақты әрі саяси салмақты шешім»,-деді ол.

«Бүгін Интернетте Парламентті тарату жайында көп айтылды. Мен Парламентті таратудың еш қажеттілігін көріп тұрғаным жоқ. Себебі, Президент пен Парламент арасында ешқандай да қарама-қайшылық жоқ»,-деді Е. Ертісбаев.

28 қаңтарда Парламентте Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы болғанын еске салып өткен ол, «сол кезде Мемлекет басшысы барша халыққа өз қызметінде қалатынын, жұмыс істеуге дайын екендігін айтты», деді.