Президенттік шыршаға қатысушылар үш жыл бойы тегін киіне алады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы Оқушылар сарайында ҚР  Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан балаларға арналған жаңажылдық мереке өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Мерекелік шараға әлеуметтік жағдайы төмен, ерекше қамқорлықты қажет ететін және ата-қамқорлығынсыз қалған 200-ден астам бала қатысты. Барлығына кітаптар мен тәттілер және өзге де сыйлықтар табысталды.
 

«Президенттік шырша мерекесіне қатысу үшін жыл сайын Астананың 84 мектебі мен балалар үйі біз атаған талаптарға сай оқушылардың тізімін жібереді. Ал әкімдікте құрылған арнайы комиссия әлеуметтік қиындықтарға, денсаулық жағдайына қарамастан белсенді болып, озат оқып жүрген балаларды іріктеп алады», - деп жауап берді Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин.
 

Сондай-ақ, балаларға астаналық киім дүкенінің үш жылға жарамды сертификаты берілді.

«Жыл сайын ата-аналар балаларға ойыншық пен тәттілерден гөрі, киім жағынан көмектесіңіздер деп өтініш білдіреді. Олардың барлығына бірдей киім әперу де ыңғайсыз. Сондықтан, балаларға тәттілер мен кітаптар және Астанадағы қысқы және жазғы сапалы киім сатылатын үлкен дүкеннің 85 мың теңгелік сертификатын беруді ұйғардық. Сертификат үш жылға дейін жарамды, яғни үнемдеп жұмсаса, үш жыл бойы мектеп киімін жаңартуға болады», - дейді Жанғозин.
 

Айта кетейік, биылғы президенттік шырша мерекесі Астананың 20 жылдығына арналды. Онда Ақшақар мен жеті ергежейлі және әлемнің түпкір-түпкірінен келген кейіпкерлер Қабанбай батырмен танысып, Астанадағы ерекше ғимараттарды тамашалады.
 

Сондай-ақ, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақстандық балаларды жаңа жылмен құттықтаған видеоқұттықтауы көрсетілді. 

Президенттік шырша тойынан соң балалар ЭКСПО-2017» көрмесі аумағында орналасқан Нұр Әлем ғимаратына экскурсияға аттанды.