Президенттікке кандидат М. Елеусізов «ДЭУ-Автобаза» АҚ басқармасының қызметкерлерімен кездесті

АСТАНА. 9 наурыз. ҚазАқпарат - 8-наурыз Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай, жақында ҚР Президенттігіне кандидат, «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізов Алматы қаласы Әуезов ауданы «ДЭУ-Автобаза» АҚ басқармасының қызметкерлерін құттықтады.

Бұл туралы ҚазАқпарат кандидаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Бұл адамдар қала тазалығын сақтауға қатысты тікелей жұмыстар атқарады. Мен эколог ретінде осындай азаматтарды құрмет тұтамын және оардың арасындағы нәзік жандыларды төл мерекесімен құттықтап, біздің қаламызды күн сайын қоқыстан тазартатын оларға зор алғысымды білдіргім келеді»,- деді кездесуде кандидат. Сонымен қатар, шара барысында компания қызметкерлері Мэлс Елеусізовтың сайлауалды науқанына қызығушылық танытып, сауалдар қойып, пікір алмасты.

Әңгіме барысында экология мәселелері көтеріліп, сапасыз жанармай проблемаларына назар аударылды. Сондай-ақ еліміздің «халықтық экологы» басты тазалық сақтаушыларды 3-сәуір күні сайлау учаскелеріне барып, өз болашақтары үшін дауыс беруге шақырды. «Сіздің кімге дауыс беретініңіз біз үшін маңызды емес, маңыздысы Сіздің осынау басты шараға қатысуыңыз», - деді ол. Сөз соңында кандидат әйелдер қауымына бар игілікті тілеп, мерекеге орай көктемнің жаршысы - қызғалдақ сыйлады.