Президенттікке кандидаттардың ақпарат құралдарында материал жариялау үдерісінде тепе-теңдік сақталып отыр - ОСК

АНА. 16 наурыз. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Президенттікке кандидаттардың бұқаралық ақпарат құралдарында арнайы материал жариялау шарасында тепе-теңдік сақталып отыр.

Бұл туралы бүгін Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов журналистермен болған брифингте айтты.

«Орталық сайлау комиссиясы Президенттікке кандидаттардың материалдарының бұқаралық ақпарат құралдарында жариялану жағдайына мониторинг жүргізіп отыр. Соңғы уақытта кандидаттардың электронды ақпарат құралдары мен баспасөз басылымдарындағы материалдары мерзімі мен көлемі бойынша бірдей жариялануда»,-деді ОСК төрағасы.

Оның сөзіне қарағанда, Орталық сайлау комиссиясы аумақтық және учаскелік сайлау комиссиялары үшін ақпараттық-әдістемелік және бағыт-бағдар беретін материалдарды дайындау ісін толық аяқтады. «Біз Президенттікке кандаидаттан бастап, сенім білдірген азаматтарға дейінгі адамдар білулері тиіс 30-ға жуық брошюра мен 8-ге жуық плакат түрлерін дайындадық. Бұған қоса тағы 23 ролик шығардық. Олар қалың көпшілікке дауыс берудің тәртібін көрсетіп, халықты дауыс беруге шақырады. Сонымен қатар 4-5 баспасөз басылымында Орталық сайлау комиссиясының арнайы беттері бар. Онда біз өзіміздің түсіндіру, ақпараттандыру бағытындағы мәліметтеріміз бен сайлау барысына қатысты өзге де ақпараттарды жариялаймыз»,-деді Қ.Тұрғанқұлов.