Президенттікке кандидаттардың дайындалуына 2 ай жеткілікті ме – Мусин жауабы

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Отанының қамын ойлаған саясаткер әр уақыт сайлауға дайын болуы тиіс. Бұл туралы ҚР Әділет министрі Қанат Мусин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін БАҚ өкілдері министрден: «Кезектен тыс Президент сайлауына түсетін кандидаттар үшін екі ай мерзім дайындалуға жеткілікті бола ма?», - деп сұраған еді.

«Екі ай мерзім жеткілікті. Егер саясаткер өз Отанының, халқының қамын ойласа, онда ол әр уақытта сайлауға дайын болуы керек», - деді Қанат Мусин.

Сонымен қатар БАҚ өкілдері одан «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 54-бабынан президенттікке кандидаттарға қойылатын мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымдарда кемінде 5 жылды құрайтын жұмыс тәжірибесі болу нормасын алып тастау үшін не істеу керектігін сұрады.

«Бұл Заңға өзгеріс енгізу үшін Парламенттің шешімі керек», - деді министр.

Еске салайық, бұған дейін Қ.Мусин сайлаудың нақты қай күні өтетінін Президент өз Жарлығымен жариялайтынын айтқан еді. «Сайлау датасы белгіленгеннен кейін екі айдың ішінде сайлау өткізілетін болады», - деді ол.

Сондай-ақ ол « Келесі Президент Конституцияға өзгерту енгізе ала ма?» деген БАҚ өкілдерінің сұрағына жауап берді.

Бүгін депутаттар «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» ҚР Заңын қабылдады.

Оған сәйкес, Президенттің мандаты қайта сайлану мүмкіндігінсіз бір мерзімге шектеліп, жеті жыл мерзімге ұзартылады; Нұр-Сұлтан қаласының атауы қайтадан Астана болып өзгереді; Конституциялық Сот судьяларының өкілеттік мерзімі 8 жылға дейін ұлғайтылады.


Видеодан алынған кадр