Президенттікке кандидаттың жоғары білімді болуын Конституцияға енгізу қажет - депутат

АСТАНА. ҚазАқпарат - Президенттікке кандидатқа қойылатын басты талаптардың қатарында міндетті түрде жоғары білімінің болуын Конституцияға енгізу қажет. Мұндай ұсынысты бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Мәжіліс депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекеттік билік жүйесін ауқымды әрі түбегейлі реформалау шеңберінде ұсынылып отырған Конституцияға енгізілетін түзетудің барлығы бүгінгі заманның жаһандық және өңірлік сын-қатерлері алдында Қазақстанның тұрақтылығын айқындайтын тағдыршешті сипатқа тән екені сөзсіз. Осындай келелі мәселелерде Елбасымыз әрқашанда халықпен ақылдасуды басты мақсат ететін. Осы жолы да солай болды. Біздің қоғам Елбасының Үндеуі мен Жолдауын талқылау барысында болашаққа байыпты болжам жасай отырып, өз ұсыныс-тілектерін де жеткізді. Соның бірі Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидатқа қойылатын негізгі талаптарға қатысты болды. Конституцияның 41 бабында ел Президентінің лауазымына кандидаттарға қойылатын біліктілік өлшемдерінің ішінде жоғары білім жайы ескерілмегені мүлдем ақылға қонымсыз. Тіпті мемлекеттік қызметтің ең төменгі сатысы үшін де жоғарғы білім болуы қаралған, ал елді басқаратын Президенттікке кандидат үшін бұл қаралмаған. Сондықтан да Президенттікке кандидатқа қойылатын басты талаптардың қатарында міндетті түрде жоғары білімінің болуын Конституцияға енгізу қажет деген нақты ұсыныс бар», - деді Мәжіліс депутаты.

Оның пайымынша, бұл болашақта орын алуы мүмкін келеңсіздіктің алдын-алудың бір жолы деуге болады.

«Біз Қазақстанның үшінші жаңғыруын бастадық. Бүгін қаралып отырған конституциялық реформа бұл экономикалық жағынан қуатты, тәуелсіз және демократиялық мемлекет құру жолындағы алғашқы ірі қадам. Елін сүйген - елі сүйген Елбасының айналасына топтасып, біз, қазақстандықтар, «Мәңгілік Ел» құндылықтарын нығайту жолында уақыттың кез келген сын-қатеріне қарсы тұра алатынымызға, тәуелсіз Қазақстанымыздың тұрақты дамуын, өркендеуін және барлық азаматтарымыздың әл-ауқатының ұдайы өсуін қамтамасыз ететінімізге, әлемнің ең бәсекеге қабілетті мемлекеттерінің қатарына қосылатынымызға сенімдіміз! Жеңіске толы өткеніміз, жасампаздықпен жеткен бүгініміз, сенімге ие ертеңіміз әрқашанда Елбасының есімімен бірге жасайтыны ақиқат. Ынтымағы жарасқан ұлтымыздың болашағы баянды, келешегі кемел болсын десек, әріптестерімді жаңа конституциялық реформаларды бірауыздан қолдауға шақырамын», - деді Ізмұхамбетов.

Айта кетейік, бірлескен отырыс барысында «Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңының жобасы бірінші оқылымда талқылануда.