Лингвистикалық комиссияның шешімімен Қазақстан Республикасының президенттігіне үміткер Есенбек Жапарұлы Үктешбаев мемлекеттік тілді еркін меңгермеген деп танылды.
Лингвистикалық комиссияның төрағасы Мырзатай Жолдасбеков комиссияның шешімді ашық дауыс беру арқылы көпшілік дауыспен қабылдағанын жариялап, емтихан барысы туралы айтып берді.
«Таңдаған тақырыпты ашу талап етілетін жазбаша тапсырмада үміткер өз ойын қисынына келтіріп жеткізе алмады, сөз тіркестерінің әдеби нормаларын бұза отырып, сөйлемдерді стилистикалық жағынан дұрыс құрған жоқ. Жазбаша тапсырманың көлемі талап етілетін екі парақтан кем болды», - деді ол.
Комиссия төрағасының сөзіне қарағанда, екінші сынақта үміткер Мұқағали Мақатаевтың «Сезім» атты өлеңін оқуда да қателер жіберген және оқылған өлеңнің мазмұны бойынша комиссияның қойған сұрақтарына жауап бере алмаған.
«Қоғам және демократия» деген тақырыпта көпшілік алдында сөз сөйлеуге қажетті 15 минуттың орнына үміткер 10 минут сөйледі. Тақырыпты ашпады, әдеби тіл нормаларын бұзды және сұрақтарға қанағаттанарлықсыз жауап берді», - деді М.Жолдасбеков.
Отырысқа Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен де қатысты.