Президенттікке үміткер ретінде тағы 1 әйел тіркелді - В.Фоос

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенттігіне үміткер ретінде тағы бір әйел тіркелді, ол Айгүл Өтепова, деп мәлім етті ОСК төрағасының орынбасары Владимир Фосс.

«Президенттікке ұсынылғандардың арасында 2 әйел бар. Лимана Қойшиева қол қою парақтарын алды. Екіншісі уақытша жұмыссыз шымкенттік Айгүл Өтепова», - деді В.Фоос.

Оның айтуынша, А.Өтепова алдағы уақытта ҚР Президенттігіне үміткерлердің мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияға сынақ тапсырады.

Айта кетейік, 6 наурызда Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясында Қазақстан Республикасының Президенттігіне үміткер Лимана Қойшиева мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияға сынақ тапсырған еді. Комиссия ашық дауыс беру арқылы көпшілік дауыспен Қазақстан Республикасының Президенттігіне үміткер Лимана Қойшиеваның мемлекеттік тілді еркін меңгергені туралы шешім қабылдаған-ды.

Жалпы, бүгінгі күні президенттікке үміткер саны 21 адамға жетті. Оның сегізі нақты себептермен тіркелген жоқ.