Президенттікке үміткерлер лингвистика комиссиясының алдында қандай сынақ тапсырады
«Қазақстан президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді жетік меңгеруі ҚР Конституциясының 41-бабы бойынша лингвистикалық комиссияның қаулысымен анықталады. ОСК-ның осы мәселе бойынша құзыреті «ҚР-дағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 54-бабы 2-тармағында көрсетілген.
Нақтырақ айтқанда, осы бапқа сәйкес, Конститутцияның 41-бабының 2-тармағын ресми түсіндіру туралы Конституциялық кеңестің шешімі бойынша мемлекеттік тілді білудегі кандидаттың біліктілігін анықтау Орталық сайлау комиссиясының шешімімен айқындалады. ҚР Конституциясының 41-бабы 2- тармағын ресми түсіндіру туралы Конституциялық кеңестің 1998 жылғы 9 қазандағы №280 қаулысына сәйкес, ҚР Конституциясының 41-бабы 2-тармағы нормасының мемлекеттік тілді еркін меңгерген деген бөлігінде «қазақ тілінде сауатты түрде оқиды, жазады, өз ойын қиналмай оңай жеткізеді және көпшілік алдында сөйлей алады» деп айтылған», - деді ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман ОСК отырысында.
Оның атап өтуінше, үміткерлердің мемлекеттік тілді еркін меңгергенін анықтау ОСК-ның қаулысына сәйкес, құрамы кемінде 5 адамнан құралған мамандар кіретін лингвистикалық комиссияның қорытындысымен айқындалады.
«ОСК-ның ҚР президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергенін анықтау рәсімі туралы 2005 жылғы 31 тамыздағы №12/26 арнайы қаулысы бар. Президенттікке үміткердің мемлекеттік тілді еркін меңгергенін анықтау үшін бірінші, лингвистикалық комиссия ұсынған тақырып бойынша көлемі 2 беттен аспайтын жазбаша тапсырма жазады. Екінші, лингвистикалық комиссия ұсынған көлемі 3 беттен аспайтын мәтінді оқу. Үшінші, лингвисткалық комиссия ұсынған тақырып бойынша көпшілік алдында 15 минуттан кем емес уақыт сөз сөйлеу талап етіледі», - деді ол.