Президенттікке үміткерлердің арасында ОСК өкілдерінің наразылықтарын тудырғандары да болды - Қ.Тұрғанқұлов

АСТАНА. 24 ақпан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «3 сәуірге белгіленген кезектен тыс Президент сайлауының бірінші кезеңі аяқталды.

Біз Қазақстанның демократиялық бағытта дамып келе жатқандығын тағы бір мәрте дәлелдедік»,-деді бүгін Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов комиссияның кезекті мәжілісінен соң журналистерге.

Оның сөзіне қарағанда, кезектен тыс Президент сайлауына қатысуға 22 азамат өтініш берді. Ешқайсысының құқықтары шектелген жоқ. 22 азамат та өздеріне берілген құқықтарды толық пайдаланды. «Әрине, біз олардың арасында кейбір үміткерлерге наразылықтарымызды да білдіріп отырмыз. Себебі үміткерлердің кейбірі өтініштерін беріп алды да, лингвистикалық комиссияның отырысына келмей немесе емтихан тапсырудан бас тартты. Біз мұндай үміткерлер комиссияның жұмысын қиындатып жіберді деп айта алмаймыз. Бірақ оларға деген наразылығымыз бар екенін жасырмаймыз. Себебі сол үміткерлерге мемлекет тарапынан қаншама шығын шығарылды»,-деді ОСК төрағасы.