Президенттікке үміткерлердің арасында ШЫҰ, ЕҚЫҰ, БҰҰ сияқты халықаралық институттарды білмейтіндері де бар - лингвистикалық комиссия өкілі

АНА. 24 ақпан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - 3 сәуірге белгіленген кезектен тыс Президент сайлауына үміткерлердің арасында Шанхай ынтымақтастық ұйымы,

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Біріккен Ұлттар Ұйымы сияқты халықаралық ұйымдардың бар екенінен де бейхабар азаматтар болды. Бұл туралы бүгін Президенттікке кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссия мүшесі Шерубай Құрманбайұлы мәлім етті.

Оның сөзіне қарағанда, лингвистикалық комиссияға алғаш емтихан тапсырған азаматтар өздерінің білімдерін тексеретін сауалдардан гөрі олардың қазақ тілін қаншалықты меңгергендігін анықтайтын сұрақтар қоюды сұрады. «Қазақстанның халықаралық байланыстары, Халықаралық қатынас аясындағы Қазақстан сияқты тақырыптарға көптеген кандидаттар жауап бере алмады. Сондықтан біз комиссия отырыстарының барысында үміткерлердің білім деңгейін немесе эрудициясын емес, олардың тілді білу деңгейін бағалайтын тапсырмалар бердік. Екінші мәселе тіл, әдебиет дегенде үміткерлердің қазақ тіліндегі шығармаларды қаншалықты сауатты оқитындықтары сараланды. Жалпы алғанда тапсырмалардың барлығы үміткерлердің мемлекеттік тілді қаншалықты сауатты меңгергендігін анықтауға бағытталды. Сондықтан үміткерлерге берілген тапсырмалардың барлығы дұрыс деп есептеймін»,- деді лингвистикалық комиссия мүшесі.

Оның сөзіне қарағанда, үміткерлер тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлердің оңдыларын алдағы уақытта ескеруге болады.