Президенттікке үміткерлердің мемлекеттік тілден емтихан тапсыруға еш себепсіз келмей қалуы айтарлықтай шығын келтірді - ОСК төрағасы

АНА. 24 ақпан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Орталық сайлау комиссиясы Президенттікке үміткер Мұрат Телібековты Президенттіке кандидат етіп тіркеуден бас тартып, қаулы қабылдады.

ОСК хатшысы Бақыт Мелдешовтың айтуынша, мұндай қаулының қабылдануына негіз болып отырған - Қазақстан Республикасының Президенттігіне үміткер М.Телібековтің Президенттікке кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі комиссияның отырысына келмей қалуы. «Осы себепті оның Конституция мен «ҚР Сайлау туралы» конституциялық заңының мемлекеттік тілді еркін меңгеру бөлігіндегі талаптарына сәйкестігі анықталған жоқ. Біз лингвистикалық комиссияның отырысы өтетіндігі жөнінде ескерту үшін бірнеше мәрте телефон соқтық. Үміткер емтихан тапсыруы керек күні оның телефоны істемей тұрды. Ал ақпарат құралдары арқылы емтиханға келмей қалғандығы жария етілгеннен кейін оның телефоны бірден іске қосылды», - деді ОСК хатшысы.

Сондай-ақ ОСК төрағасы Қуандық Тұрғанқұловтың айтуынша, үміткерлердің емтиханды тапсырудан осындай жолмен бас тартулары мемлекетке айтарлықтай шығын келтіріп отыр. «Бұл -Орталық сайлау комиссиясындағы қатардағы қызметкерден бастап комиссия жұмысына жұмсалатын шығындар, бұл - лингвистикалық комиссияның шығындары, бұл - үміткермен байланысқа шығу мақсатындағы шығындар, бұл - іс-қағаздарға жұмсалатын шығындар. Меніңше бұндай әрекетті тәртіпсіздік деуден басқа амал жоқ», -деді ол.

Орталық сайлау комиссиясы бүгінгі отырыс барысында сондай-ақ Президенттікке үміткер Біржан Ділмағамбетті де кандидат ретінде тіркеуден бас тартып, қаулы қабылдады. Кеше аталмыш азамат Президенттікке кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияның отырысына келіп тұрып, мемлекеттік тілден емтихан тапсырудан бас тартқан болатын.