Президенттіктен кандидат Амантай қажы Асылбек лингвистикалық комиссияның отырысына тағы да келмеді

АСТАНА. 16 ақпан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Аттан, Қазақстан» қозғалысының жетекшісі Амантай қажы Асылбек Президенттікке кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияның отырысына екінші мәрте келмей қалды.

Бүгін сағат 11-00-ге жоспарланған отырысқа жиналған лингвистикалық комиссия мүшелері Президенттікке үміткер Амантай қажы Асылбектен тағы да емтихан ала алмай тарасты.

Лингвистикалық комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбековтың пікірінше, үміткер енді өзінің емтиханға келмей қалғандығын түсіндіретін құжат тапсыруы керек. «Жалпы, бұл менің жеке пікірім. Президент болам деген адамның жалпыға бірдей тәртіпке, комиссия мүшелеріне, заңға деген құрметі болуы керек. Қалай дегенмен де бұл Орталық сайлау комиссиясы. Жалпы, қажы деген біздің ұғымымызда халық сыйлайтын қасиетті азамат. Ал біз болсақ комиссия отырысы өтеді деп екінші рет келіп отырмыз. Заң бар, тәртіп бар. Оның бәрін қойғанда адамгершілік деген бар емес пе? Егер ол шын мәнінде Алланың жолында жүрген адам болса, адамды, заңды сыйлауы керек еді. Мен бүгін бұл үміткердің әрекетіне таң қалып отырмын»,-деді лингвистикалық комиссия төрағасы.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Орталық сайлау комиссиясының отырысында аталмыш комиссия төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов Президенттікке үміткер «Аттан, Қазақстан» қозғалысының жетекшісі Амантай қажы Асылбекті Президенттікке үміткерлерді ұсыну мерзімі аяқталған күнге дейін күтетіндігін мәлімдеген болатын. «Амантай қажы Асылбек Президентікке кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі комиссияға әлі күнге дейін келген жоқ. Бірақ тиісті заңға сай біз оны Президентікке үміткерлерді ұсыну мерзімі аяқталғанға дейін күтуіміз керек», - деді комиссия төрағасы.