Бүгін лингвистикалық комиссиясының отырысын қорытындылаған аталмыш комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбековтың айтуынша, үміткер А.Құнанбаев емтихан талаптарына сай бірінші «Ұстаз ұлағаты» деген тақырыпқа шығарма жазды. Шығармасында қателер өте көп. «Оның үстіне жазба жұмысының көлемі бір жарым-ақ бет болды. Екінші талап бойынша ол Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін оқыды. Үміткердің мәтін оқу, өлең оқу жағынан да тәжірибесі аз болып шықты. Сондай-ақ үшінші талап бойынша үміткер «Өнерлі өрге жүзеді» деген тақырыпта 15 минуттың орнына 5 минут қана сөйледі. Мұнда да біршама кемшіліктер орын алды. Тақырып ашылмады. Осылардың барлығын ескере келе, біз А.Құнанбаев мемлекеттік тілді еркін меңгермеген деген қорытындыға келдік»,- М.Жолдасбеков.
Естеріңізге сала кетейік, бұл осымен 3 сәуірге белгіленген кезектен тыс Президент сайлауына қатысу үшін өтініш беріп, алайда мемлекеттік тілден емтихан тапсыра алмай қалған 5-ші үміткер.