Бұл туралы бүгін Орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысында мәлім болды.
Естеріңізге сала кетейік, кеше Г.Тоқбаева Президенттікке кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияға емтиханды сәтті тапсырған болатын. Енді ОСК үміткерге қол жинау үшін қол қою парақтарын беріп, ол бүгіннен бастап дауыс жинауға кіріседі. Гүлдана Тоқбаева Жамбыл облысының тумасы, жасы 57-де. Еш жерде жұмыс істемейді.
Сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясы Президенттікке үміткерлердің мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияға емтихан тапсыра алмау себепті үміткер Мая Қарамаеваны кезектен тыс Президент сайлауына кандидат етіп тіркеуден бас тартып, қаулы қабылдады.
Өткізілген емтихан нәтижелері бойынша лингвистикалық комиссия ашық дауыс беру арқылы бірауыздан Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Мая Төлегенқызы Қарамаева мемлекеттік тілді еркін меңгермеген деген шешім қабылдады.
Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияның төрағасы М.Жолдасбеков комиссияның шешімін жариялай келе, «үміткер үш кезеңнен тұратын емтиханның бірінші кезеңінде «Ел мұраты - ер мұраты» деген тақырыпта шығарма жазды. Шығармада қателер көп. Емле қателері - 14, тыныс белгісінен кеткен қате -21, стильдік қате - 6. Сонымен барлығы 41 қате болды. Емтиханның екінші кезеңінде Жүсіпбек Аймауытовтың шығармаларынан үзінді оқыды. Үміткердің мәтін оқуы да нашар болып шықты. Ол мәтінді қиналып, ежіктеп оқыды. Үшінші кезеңде «Қарыз бен парыз» тақырыбында 15 минуттың орнына 5 минут сөйледі. Ойы шашыраңқы, тақырыпты түсіндіре алмады. Сөздік қоры аз. Қорыта келгенде лингвистикалық комиссия мүшелері Мая Қарамаева мемлекеттік тілді еркін меңгермеген деген шешім шығарды»,- деп атап өтті.
Лингвистикалық комиссияның отырысына Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Л.Ж.Сүлеймен қатысты.