Бүгін Орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысында комиссия мүшелері ҚР Президенттігіне үміткер Құрманғазы Рахметовтің кандидатурасы Конституция мен «ҚР Сайлау туралы» конституциялық заңның талаптарына сәйкес деп танып, қаулы қабылдады. Мәжіліс барысында Қ.Рахметовке қатысты баяндама жасаған ОСК-ның хатшысы Бақыт Мелдешовтың айтуынша, аталған үміткердің негізгі құжаттары тиісті мемлекеттік органдардан келіп түсті. «Бұл азамат Президенттікке кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияға емтихан тапсырып, қазақ тілін еркін меңгергендігі анықталды»,-деді Б.Мелдешов
ОСК өкілдері бүгінгі мәжіліс барысында кеше лингвистикалық комиссияның сынынан сәтті өткен Президенттікке үміткер Жақсылық Бәзілбаевты да Конституция мен «ҚР Сайлау туралы» конституциялық заңның талаптарына сәйкес деп тапты және тиісті қаулы қабылдады. Бүгін қабылданған қаулыларда аталған екі азаматқа да қол қою парақтарын беру тиістігі айтылған.