Бүгін лингвистикалық комиссияның жұмысын қорытындылаған аталмыш комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбеков осылай деді.
М.Жолдасбековтың сөзіне қарағанда, М.Елеусізов үш кезеңнен тұратын емтиханның бірінші кезеңінде «Қазақстанның болашағы» тақырыбына шығарма жазды. «Ол шығарманы жақсы жазды. Жазба жұмысы екі бет емес, үш бет болып шықты. Шығармада 7 қате бар. Оның 2-уі орфографиялық, 4-уі тыныс белгісінен жіберілген қате, 1 стильдік қате бар. М.Елеусізов тақырыпты жақсы ашты, ойы да орнықты. Емтиханның екінші кезеңінде Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін түсініп, ұғынып, мәнерлеп өте жақсы оқыды. Сондықтан біз екінші сынды да жақсы деп бағаладық. Ал үшінші сында «Жер тағдыры - ел тағдыры» деген тақырып келді. Бұл М.Елеусізовтың өмір бойы айналысып келе жатқан мәселесі. Сондықтан ол бұл тақырып бойынша бізге жақсы әңгіме айтып берді. Осылайша лингвистикалық комиссия мүшелері М.Елеусізов қазақ тілін еркін меңгерген деген қорытынды шығарды», - деді М.Жолдасбеков.
Сондай-ақ комиссия төрағасы «М.Елеусізов еліміздің белгілі азаматы, ол қайраткер. Халық үшін туған адам деп ойлаймыз. Бұл біздің комиссия мүшелерінің пікірі. Осындай азаматтың емтиханды жақсы тапсырғанына біз де қуанамыз және сәттілік тілейміз», - деді М,Жолдасбеков.