«2025 жылға қарай елімізде беделді шетелдік университеттердің кемінде 5 филиалын ашу қажет деп санаймын. Бұл ретте техникалық бағыттағы жоғары оқу орнының екі филиалын еліміздің батысында ашу керек», - деген еді Мемлекет басшысы Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында.
Министрлік мәліметінше, бүгінге дейін шетелдік 3 ЖОО-ның филиалдары ашылды, олар - «Мәскеу инженерлік-физика институты» Ұлттық ядролық зерттеу университеті (Ресей); М.Губкин атындағы Ресей мұнай және газ университеті; Аризона Университеті (АҚШ).
Атап айтқанда,
Алматыдағы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында «МИФИ» Ұлттық ядролық зерттеу университетінің (РФ) филиалы ашылды. Биыл 100 грант бөлінді, сондай-ақ ақылы оқуға түсуге мүмкіндік бар. Оқыту 1 қазанда басталады. Студенттер «Элементар бөлшектер физикасы және космофизика» (бакалавриат), «Қорғалған жоғары өнімді есептеу жүйелері» (бакалавриат, магистратура) бағдарламалары бойынша оқитын болады.
Атырау қаласында С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің базасында М.Губкин атындағы Ресей мұнай және газ университетінің филиалы ашылды. Биыл 200 грант бөлінді. Студенттер «Мұнай-газ құбырлары мен мұнай-газ қоймаларын салу және пайдалану», «Мұнай-газ технологиялары», «Мұнай мен газдың табиғи резервуарларын геологиялық модельдеу» дайындық бағдарламалары бойынша оқиды.
Кozybayev University базасында Аризона Университетінің (АҚШ) қос дипломды білім беру бағдарламасы іске қосылды. Биылғы жылы университетке еліміздің түкпір-түкпірінен 170 үміткер оқуға түсті, оның 45-і қос диплом бағдарламасы бойынша. Студенттер IT, инженерия, агротехнология және білім беру бағыттары бойынша қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде оқиды.