Президенттің әлеуметтік бастамаларын ұзаққа созған шенеуніктер жазасыз қалмайды - Мәулен Әшімбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Нұр Отан» партиясы Президенттің бастамаларын жүзеге асыруды кешіктіріп, ұзаққа созған шенеуніктерді анықтайды және оның жауапкершілігі мәселесін көтереді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев мәлім етті.

«Қандай да бір процесті қадағалау үшін ақпарат алу, ақпаратты жинау өте маңызды. Сондықтан, бес әлеуметтік бастаманың жүзеге асырылуын қадағалау аясында бекітілген тәртіп бойынша ең алдымен мемлекеттік органдардан ақпарат алып отырамыз. Екіншіден, Қоғамдық кеңес жанынан құрылатын немесе жемісті еңбек етіп жатқан сарапшылық топтардан ақпарат жинаймыз. Үшіншіден, ақпарат жинауға үкіметтік емес ұйымдар мен кәсіподақтарды, өңірлердегі Демократиялық күштер коалициясын тартуды жоспарлап отырмыз», - деді Мәулен Әшімбаев  Президенттің бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асырылуын қадағалайтын Қоғамдық кеңес отырысында.

Сонымен бірге, Мәулен Әшімбаев ел тұрғындарын да Президенттің әлеуметтік бастамалын іске асыру туралы белсенді ақпарат беруге шақырды.

«Азаматтар біздегі («Нұр Отан» партиясындағы - ред.) қабылдау бөлімдері арқылы хабар бере алады. Біздің веб-порталда бес бастамаға арнайы айдар ашылған. Сондағы жедел желі арқылы хабарласуға да болады. Ақпарат жинау мақсатында жақында арнайы мобильді қосымша шығады. Осылайша, кемішіліктер мен кедергілерді дер кезінде анықтап, қажетті ұсынымдар әзірлей аламыз», - деп өз сөзін толықтырды бірінші хатшы.

Оның айтуынша, «Нұр Отан» партиясы Президенттің әлеуметтік бастамаларын жүзеге асыруды ұзаққа созып, мерзімінен кешіктірген шенеуніктерді анықтайды және қадағалау кеңестерінде олардың жауапкершілігі мәселесін қарастырады.

«Нұр Отан» партиясы Президенттің бастамаларын жүзеге асыруды кешіктіріп, ұзаққа созған шенеуніктерді анықтайды және оның жауапкершілігі мәселесін алға қояды. Көшбасшымыздың бастамаларын іске асыруды кешіктіруге, созбақтауға жол бермейміз. Сондықтан, бұл іске шындап кірісіп отырмыз», - деді М. Әшімбаев.

Қоғамдық кеңес аясында 5 әлеуметтік бастама бойынша 5 топ құруды, «Нұр Отан» партиясының орталық және өңірлердегі ресурстарын барынша пайдалануды және қадағалаудың технологиялық мүмкіндіктерін жасауды ұсынды.

Айта кетейік, Нұр Отан партиясы Президенттің бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асырылуын қадағалайтын Қоғамдық кеңес құрды. Кеңес құрамында елдегі жетекші саяси партиялардың басшылары, үкіметтік емес ұйымдар мен Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, белгілі қоғам қайраткерлері және сарапшы мамандар бар.

Қоғамдық кеңестің төрағасы қызметіне ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бақытжан Жұмағұлов, хатшы қызметіне - Нұр Отан партиясының хатшысы Фархат Қуанғанов тағайындалды.