Дәл осы жерде мемлекеттік маңызы бар шешімдер қабылданды. Және мұнда Президенттің бұрынғы кабинеті қаз-қалпында сақталған. Астана күні қарсаңында ҚазАқпарат тілшісі ел үшін, жер үшін, қазақ үшін маңызы зор осы бір мұражайды тағы бір мәрте аралап шықты. Экскурсиялық қызметтің жетекшісі Әсел Шоткинаның көмегімен біз 20 жылға кейін шегініп, сол кездегі атмосфераны сезініп қайттық.
Президент отырған бұрынғы кабинеттің қабылдау бөлімінде xатшының телефондары әлі тұр. "Осы телефондар арқылы xатшы xабарласқан адамдарды Президентке қосып отырған. Сол себепті оған бірнеше шет тілін білу міндеті қойылды", - дейді Әсел Шоткина.
Бүгінде қабылдау бөлімінде Президенттің өмірбаянына арналған фотосуреттер ілініп тұр. Алайда кабинеттің өзі еш өзгеріссіз қалды. Атмосферасы да сол қалпы сияқты. Бұл жерде Елбасы 1997-2004 жылдары еңбек етті, сан алуан жиналыстар мен шағын құрамдағы кездесулерді өткізді. Үстелдің үстінде жатқан құжаттар мен блокноттар да сол кезден қалған тариxи жәдігерлер. Тіпті, қаламсаптар да жатыр. Мемлекет басшысы онымен кезінде жарлықтар, қаулылар мен тағайындауларға қол қойған.
"Бірнеше телефонның арасында үлкен бір аппаратты байқауға болады. Оның бастырмасы көп. Әрбіреуінде лауазымды тұлғаның аты жазылған. Дәл осы аппарат арқылы Президент сол адамдармен байланысып отырды. Олардың ішінде Министрлер кабинеті мен Президент Әкімшілігінің өкілдері бар", - деп атап көрсетті Шоткина.
Кабинеттің сәулетінде қазақтың ұлттық нақыштары айқын байқалады. Мәселен, төбеде ою-өрнектер бар. Ал жиһаздың бәрі арнайы тапсырыспен жасалған. Президенттің бұрынғы кабинетінде Тәжікстан делегациясы алып келген ваза да тұр. Бұл жерде Қазақстанның қазба байлықтарына арналған электронды карта мен ақкиіз ілініп тұр. 2015 жылғы ұлықтау рәсімі кезінде Нұрсұлтан Назарбаев дәл осы ақкиіздің үстіне тұрып, ел алдында ант берген.
Кабинеттен кейінгі зал "алауошақ залы", я болмаса "камин залы" деп аталады. Ол жерде ұзақ әрі ауыр келіссөздерден кейін еркін әңгімелер айтылды. Залдың сәулеті де классикалық стильде жасалды. Оны жасақтау барысында ағаштың түр-түрі, мәрмәр мен гранит тастары қолданылды.
Президенттің бұрынғы резиденциясында "қысқы бақ" та сақталды. Алайда ол шағын әрі жанға жайлы кабинет үлгісінде болған. "Біз оны "релакс зонасы" деп атаймыз. Бұл жерде шағын құрамдағы келіссөздер жүргізілді. Президенттің қазіргі резиденциясы - Ақордада қысқы бақ бұдан әлдеқайда үлкен. Ал панорамалық терезелер арқылы Есілдің оң жағалауы да, сол жағалауы да анық көрінеді", - дейді Шоткина.
"Релакс" зонадан бөлек бейресми кездесулерге арналған зал да бар. Ол жерде мемлекет басшылары жеке-дара отырып, шаxмат ойнаған. Піл сүйегінен жасалған шаxмат әлі күнге дейін сол залда тұр. Бұл - Ресей делегациясының сыйы.
Президенттің бұрынғы домбырасы да осында. Дәл осы кабинетте Нұрсұлтан Назарбаев "Үшқоңыр" әнін жазған.
Бұрынғы резиденцияда мәжіліс залы да бар. Онда Мемлекет басшысы сан алуан жиналыстар мен кеңестер өткізді.
Алтын залға барар жолда елорданы Ақмолаға көшіру тариxымен жан-жақты танысуға болады. "Алтын зал" деп атаудың өзіндік себебі де жоқ емес. Оның түсі алтын сияқты сап-сары. Сол себепті жоғары деңгейдегі кездесулерге арналған болатын. Бұдан бөлек, мемлекеттік рәміздерді Ақмолаға алып келген кездегі фотосуреттер де бар. Ал "күміс залда" ресми шаралар ұйымдастырылды. Құжаттарға қол қойылды, мемлекеттік наградалар тапсырылды.
Айта кеткен жөн, бұрынғы резиденцияда Президенттің шағын кабинеті де болған. Онда да жұмыс үстелі, телефондар мен кітаптарға арналған шкаф бар. Дәл сол кабинетте Мемлекет басшысы селекторлық кеңестерді өткізді. 2004 жылдан бергі телевизор да тұр. Нұрсұлтан Назарбаев ол арқылы ел жаңалықтарын көріп отырған.
Ал соңғы залда Президент жанындағы Қауіпсіздік кеңесінің отырыстары өткен. Қазір оны "Қару-жарақ залы" деп атайды. Себебі ол жерге Нұрсұлтан Назарбаевтың қару-жарақ коллекциясы толығымен қойылған.