Президенттің барлық тапсырмалары белгіленген мерзімде нақты орындалуы тиіс - С. Ахметов

None
АСТАНА. 21 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Премьер-Министрі Мемлекет басшысының осы жылдың 20 желтоқсанында индустрияландыру күні барысында берген тапсырмаларын жүзеге асыру мәселелері бойынша кеңес өткізді.

Бұл туралы primeminister.kz сайтынан хабарланды.
Кеңеске орталық атқарушы органдар, ұлттық компаниялар, салалық қауымдастықтар басшылары қатысты.
Индустрияландыру, шағын және орта бизнесті дамыту мәселелері бойынша ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-индустрия және жаңа технологиялар министрі Ә.Исекешев, Өңірлік даму вице-министрі С.Жұманғарин, Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы А.Мырзахметов баяндама жасады.
Кеңесте ҚР Президентінің тапсырмаларын жүзеге асыру бойынша тетіктер мен ұсыныстардың ауқымды пакеті қаралды.
Үкімет басшысы министрліктер мен ведомстволар қызметінің басым бағыттарын белгіледі.
«2014 жылдың бірінші жартысының соңына дейін біз құжатқа мұнай-газ өндірісі, тау-кен, металлургия, агроөнеркәсіптік кешен сияқты базалық экономика салаларын дамытудың кешенді жоспарлары үйлестірілген индустрияландырудың екінші бесжылдығы бағдарламасын жасауға тиіспіз», - деді С.Ахметов. Осыған орай, Премьер-Министр өнеркәсіпті дамыту бойынша Комиссия құруды жеделдетуді тапсырды.
Үкімет басшысы «индустрияландырудың екінші бесжылдығы бағдарламасын жасау кезінде өнеркәсіптік саясаттың икемді және әлемдік ағымдағы өзгерістерге тез бейімделуін ескеру» қажеттігін атап көрсетті.
Шағын және орта бизнесті қолдау бойынша шаралар шеңберінде С.Ахметов мүдделі мемлекеттік органдарға шағын және орта бизнестің дамуына кедергі келтіретін, нормалардың күшін жоятын заңнамаларға тексеріс жүргізуді тапсырды.
Премьер-Министр тарапынан сондай-ақ стратегиялық тәсілдер мен жекеменшік институтты нығайтудың кешенді шешімдері, болашақ қызмет саласын таңдау мәселесінде кәсіпкерлікті жаңа бастағандарға қолдау көрсету шараларын жасау аясында ұсыныстар енгізу бойынша тапсырмалар берілді.
«Кәсіпкерлерге бизнесті қолдау тетіктері туралы айтып, түсіндіру жұмыстарын күшейту, бастауыш кәсіпкерлер үшін жол көрсетуді насихаттау қажет. Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарының тиімді жұмысын қамтамасыз ету керек», - деді С.Ахметов.
Бұдан басқа, Үкімет басшысы барлық министрліктер мен ведомстволарға кәсіпкерлік субъектілерін негізсіз және жоспардан тыс тексеруді доғаруды тапсырды.
Кеңесті қорытындылай келе, Премьер-Министр «Президенттің барлық тапсырмаларының белгіленген мерзімде нақты орындалуы тиіс» екенін атап көрсетті.