Президенттің кадр резервіне Маңғыстаудан 5 маман өтті

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстаудан Президенттік жастар кадрлық резервіне 5 жас өтті. Оған іріктеу өткен жылдың қыркүйек айында басталған болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жалпы, еліміз бойынша 13 мыңнан астам жас қатысуға өтінім берген болатын. Ақтық кезеңге 330 маман іріктелген. Ұлттық комиссия отырысының қорытындысы бойынша 300 үміткер Президенттік жастар кадр резервіне алынды.

28 жастағы Мәулен Ғабдулқалиев - үздік 300 жастың қатарына енген 5 маңғыстаулықтың бірі. Ол қазіргі таңда «Қазпошта» АҚ облыстық филиалында директор орынбасары қызметін атқарады. Алматыдан жоғары оқу орнын тәмамдап, мемлекеттік қызметте, бизнес саласында еңбек еткен. 6 сыннан сүрінбей өтіп, үздік 300 жастың қатарына енген. Мақсаты - елдің дамуына үлес қосу, абыройлы қызмет атқару.

«Менің негізгі таңдаған бағытым - экономика және қаржы саясаты. Мен қорғағаған презентация ұлттық валютаны трансформациялауды көздейді. Өзімнің бағытыма қарай министрлікте жұмыс істеу немесе қызметімді «Қазпоштада» жалғастыруды ойлап отырмын»,-дейді Мәулен Ғабдулқалиев.

«Біздің өңірімізден 200-ге жуық жас үміткер болды. Оңай болған жоқ. Олар ел басқару саласында қызмет ететіндіктен әрбір маманның әлеуетін, білімін, құзыретін тексерді. 5 үміткер мәреге дейін жетті. Оның ішінде біреуі - мемлекеттік қызметші, қалғаны - бизнес өкілдері. 2019 жылдың 20 желтоқсан күні Президенттің жарлығымен толықтыру енгізілді. Ол бойынша Президент резервіне енген мамандар конкурстан тыс А және В корпусына басшылық лауазымдарға тағайындалады»,-дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаментінің басшысы Нұргүл Жанназарова.

Резервшілер тізіміне жеке сектордан - 102, квазимемлекеттік сектордан - 98 адам және 96 мемлекеттік қызметші кірді. Үміткерлердің 57%-ының алдыңғы қатарлы шетелдік білімі бар, 43% - қазақстандық жоғары оқу орындарының түлектері. Іріктеу жеңімпаздарының орта жасы - 31.