Президенттің қатысуымен Қазақстанның жауынгерлік өнер қауымдастықтары фестивалі басталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстанның жауынгерлік өнер қауымдастықтарының бірінші гала-фестивалі басталды. Фестиваль жаңадан ашылған 'Жекпе-жек' сарайында өтуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Мемлекетіміздің тікелей қолдауы мен қамқорлығының арқасында елімізде дене шынықтыру және спорт дамуының барлық мүмкіншілігі жасалған. Бұл сала бүгінгі таңда маңызды әлеуметтік-экономикалық сала ретінде аяғынан нық тұрды деп айтуға болады. Осы сөзімнің айқын дәлелі - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен салынған бүгінгі күні есігін бірінші рет айқара ашып отырған "Жекпе-жек" сарайы. Құтты болсын!", - деді фестивальдің ашылу рәсімінде сөз сөйлеген ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова. Министр Қазақстанның жауынгерлік өнер қауымдастығы еліміздің өңірлерінде жауынгерлік өнер фестивалін өткізгенін айтты.

"Жобаның басты мақсаты - өскелең ұрпақ арасында салауатты өмір салтын насихаттау. Бүгінгі кеште Жауынгерлік өнер қауымдастығының құрамына кіретін жекпе-жек спортының 21 түрінен спортшыларымыздың өнерін тамашалаймыз", - деді ол.

Шара аясында кәсіби және әуеқой жекпе-жектер ұйымдастырылып, жарық шоуы болып жатыр. Каратэ, таэквонда, ММА, грэпплинг және басқа жекпе-жек түрлері бойынша спорттық машықтар көрсетілуде.

Айта кетерлігі, фестиваль 2019 жылдың мамыр айында Шымкент қаласында басталып, еліміздің барлық өңірлерінде өткізілген еді.