Президенттің қауіпсіздік жолындағы саяси қадамдарына қолдау көрсетуіміз керек – Бақытбек Смағұлов

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Президенттің елдегі ахуалды тұрақтандыру үшін Ұжымдық Қауіпсіздік туралы шарт ұйымынан көмек сұрауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елімізде болып жатқан оқиғаға байланысты Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұжымдық Қауіпсіздік туралы Шарт ұйымындағы әріптестерінен халқымызды террористерден, ұйымдасқан бандылардан қорғау мақсатында көмек сұрады. Президенттің бұл шешімі, ең біріншіден, қазақстандықтардың қауіпсіздігі үшін қажет. Осы жолда Мемлекет басшысының еліміздің тыныштығы мен тұрақтылығы үшін халқымыздың қауіпсіздік жолындағы маңызды саяси қадамдарына жан-жақты қолдау көрсетуіміз керек», - деді депутат.

Сондай-ақ, ол бұл қиын кезеңді де Қазақстан халқы бірлікпен еңсеретініне сенім білдірді.

«Елдің басына күн туған заманда Президентіміздің осындай батыл қадамдары ауадай қажет. Ел тұтастығын сақтау мақсатына бүкіл халық жұдырықтай жұмылып, бұл қиындықты бірге жеңеміз деп ойлаймын», - деді Мәжіліс депутаты.