Бұл пікірін бүгін ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті мұражайы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова білдірді.
Б.Қайыпованың пікірінше, Елбасының ел халқына жолдаған «Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы, ең алдымен, дамудың ұзақ мерзімді басымдықтарын және ең бастысы - еліміздің дағдарыстан кейінгі кезеңдегі миссиясын айқындайды. Ал алдағы он жылдықта атқарылатын іс-шаралар, ел ресурстарының нақты әлуеті мен инновациялық технологияларды ендірудегі заманауи қажеттіліктерге негізделген.
«Осы тұрғыдан алғанда, индустрияландыру стратегиясы дағдарыстан кейінгі жаңару мен өсудің өзіндік «локомотивіне» айналуға тиіс.Президент қоғамды толғандырып отырған студенттік шәкіртақы мен бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын көбейту, Әлеуметтік өндірістік корпорациялардың мәртебесі, ғылымның жай-күйі, халықты жұмыспен қамтамасыз ету және басқа да сұрақтарға мейлінше толық жауап берді. Жаңа өңірлік саясаттың бағыттары нақты жария етілді. «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы мен азаматтық қоғам алдына қойған міндеттер де, тұтастай алғанда, еліміздің саяси дамуына жаңа серпін береріне сенімім мол», - деп атап өтті ол.
Б.Қайыпованың айтуынша, дағдарысты еңсеру үшін барлық қоғамды топтастыруға шақырған былтырғы Жолдау секілді, Мемлекет басшысы 2010 жылғы Жолдауында да, Қазақстан халқының бірлігі мен барлық ресурстарды жұмылдыру міндеті - біз үшін басты мақсат екендігін айқындап берді және оның пікірінше, елдің идеологиясы да осында жатыр.
«Осы ретте, Елбасының Жолдауына қатысты мына үш мәселені атап өткім келеді. Дәстүр бойынша Жолдау - ҚР Тұңғыш Президентінің жүргізіп отырған саясатының сабақтастығы мен жүйелілігін бейнелейді. Біртұтас мемлекеттік стратегияның осындай сабақтастықта және шығармашылықта дамуы - орнықты даму жолымен алға қарай сенімді қадам басып келе жатқан қоғамның сипаттамасы. Ал оның әлеуметтік бағыттылығы - Президенттің қазақстандықтардың өмір сүру деңгейінің сапасын арттыру мен адам капиталын дамытуда нақты белгіленген стратегияны ұстануында. Үшіншіден, Мемлекет басшысының Жолдауы болашаққа сенім ұялатады. Н.Назарбаев көптеген мәселелер шешілгендігін және бірқатар жетістіктерге қол жеткізгенімізді алға тарта отырып, алда еңсеруге болатын қиындықтардың әлі бар екендігін жасырмады. Менің ойымша, бұл - бәсекелестікті арттыруға бағытталған қоғам дамуының қалыпты жағдайы», - дейді ол.