Президенттің өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту ұсынысын қолдаймын - Қ.Сұлтанов

АНА. 6 қаңтар. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Сенатор Қуаныш Сұлтановтың пікірінше, бүгінде саяси популизмнің уақыты өтті. Одан гөрі жұрттың нақты іс пен нәтиже көруге ынталы екендігін ескеру керек. Бұл туралы ол бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында бір топ депутаттардың Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін ұзартуға қатысты ұсыныстарын талқылау барысында мәлім етті.

Сенатордың пайымдауынша, тап осы тұрғыдан алғанда референдумның демократиялық ауқымы да, мүмкіндігі де өте мол. Референдум сайлаушылардың мемлекет ісіне жауапкершілігін арттырып, халықты ортақ мүддеге ұйымдастырады және қоғамның саяси мәдениетін көтеруге ықпал етеді. «Президент бекіткен үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама бүкіл халықтың әлеуметтік мүддесіне жауап бере алатын ұлттық идея дәрежесіндегі өте ірі жоба. Біз Президенттің өкілеттігін 2020 жылға ұзарту арқылы өзіміздің әлеуметтік, тұрмыстық қуатымызды күшейтіп, елдің бірлігін өркениетті мақсатқа, мүддеге жұмылдырамыз. Халықтың, қоғамның сапасын арттырып, болашағымызға деген сенімді нығайтып, жас өркен ұрпағымызға жол ашамыз. Сол үшін де мен Президенттің өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту жөніндегі ұсынысты қолдаймын және өзгелерді де осыған шақырамын»,- деді Сенат депутаты.