«Президенттің өкілеттілігін ұзарту біздің мемлекетіміздегі маңызды шаралардың қатарына жатады. Ал Конституцияның мәнісі осы референдумды өткізуге мүмкіндік тудырады. Енді Ата Заңға нақты өзгеріс енгіземіз, яғни «Референдум туралы» Заңда көрсетілген бапты Конституцияға енгіземіз десек, бұл қадамдар да қайшы болмайды. Бұл Парламенттің және халықтың қолындағы құзірет»,-деді Б. Әбдірайымов
«Еліміздің Ата Заңының 3-бабында мемлекеттік биліктің бастауы Қазақстан Республикасының халқы деп айтылған. Яғни, халық өз өкілеттілігін мемлекеттік билікке әртүрлі әдістермен жүргізеді. Ең негізгі әдістің бірі - ол республикалық референдум өткізу. Меніңше, Ата Заңға да, «Референдум туралы» заңға да бұл референдумды өткізу қайшы емес. Себебі «Референдум туралы» заңда бүгіндегі мәселелер тура көрсетілген»,-деп түйіндеді сөзін заңгер.
Айта кетейік, елдің Тұңғыш Президенті - Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттілігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзартуға арналған республикалық референдум өткізу жөніндегі бастамашыл топ бұл мәселені бірнеше күн бұрын көтерген болатын. Осы орайда бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Парламент депутаттары ҚР Конституциясына өзгеріс енгізу мәселесі бойынша ҚР Президентінің республикалық референдум тағайындауы туралы Мемлекет басшысының атына Үндеу жолдады.