Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айгүл Соловьева мәлім етті.
«ҚР Өңірлік даму министрлігі бізге екі мәрте келіп, жағдай оңтайландырылып, жақсарғандығы жөнінде баяндады. Дегенмен де, қазіргі кезде өзіміздің сайлаушылармен кездесу кезінде осы бағыттағы сынның арта түскенін көріп отырмыз»,-деді депутат.
Осы орайда А. Соловьева депутаттарға келіп түсетін пікірлер мен хаттарға сүйене отырып қолжетімді баспана құрылысы бойынша мемлекеттік бағдарлама шын мәнінде жұмыс істемей отырғандығын сөз етті.
Оның пайымынша, баспана құрылысында қандай да бір қадамдар болғанымен олар айтарлықтай тиімді болған жоқ, сондай-ақ осы қолжетімді үйді алуға ниеттілер осы жеңілдіктерді сезінген жоқ.
Естеріңізге сала кетейік, 11 қазандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасын жүзеге асыру көп реніш тудырып отырғанына тоқталып өткен еді. Төлем қабілетінің кемдігіне байланысты оған көптеген отбасылар қатыса алмауда.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінің» басшылары мен олардың туыстарының Бағдарлама аясында жеңілдік қарастырылған бағамен пәтер алу фактілеріне де назар аударған болатын.