Президенттің жұмыс орындарын құру тапсырмасын кейбір облыстар орындай алмай отыр - министр

АСТАНА. ҚазАқпарат – Президенттің жұмыс орындарын құру тапсырмасын кейбір облыстар орындай алмай отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің келесі шарасы – Президенттің қалалар мен аудандарда тұратын 10 мың адамға 100 жұмыс орнын құру жөніндегі тапсырмасы. Жұмыс орындарын құру жоспары Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарынан басқа барлық өңірде асыра орындалған. Алайда, Мемлекеттік кірістер комитетінің деректеріне жүгінсек, облыстарда тапсырманың орындалу деңгейі біркелкі емес. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысындағы 14 ауданның 11-інде жұмыс орындарын құру жоспары 60 пайыздан төмен. Мағжан Жұмабаев ауданында жоспар небәрі 22 пайызға орындалған», - деді Тамара Дүйсенова.

Оның атап өтуінше, Павлодар облысындағы 13 ауданның 7-еуінде жоспар орындалмаған.

«Әлихан Асханұлы, осы бағыттағы жұмыстың маңызды екенін ескере отырып, әкімдерге тиісті шаралар қабылдауды тапсыру және оның нәтижесін 10 айдың қорытындысы бойынша қайта қарау қажет деп санаймыз», - деді министр Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа қарата айтқан сөзінде.


Фото:primeminister.kz