«Президенттік республика» − Конституцияда еліміздің басқару нысаны нақтыланды

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекеттік кеңесші – Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары Ерлан Қарин Конституцияның жаңа мәтініндегі маңызды толықтырулар туралы айтып берді.

− Қазіргі қолданыстағы Конституциядағы «Қазақстан Республикасы – Президент басқару нысанындағы біртұтас мемлекет» деген норманы нақтылап, жаңа редакцияда «Қазақстан Республикасы – унитарлы мемлекет, басқару үлгісі – Президенттік республика» деп нақты жазуды ұсынамыз, − деді Ерлан Қарин Конституциялық комиссияның бесінші отырысында.

Сондай-ақ, қолданыстағы Конституцияның 3-бабында «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деп көрсетілген. Оған «Егемендік иесі» деген сөз тіркесін қосу қажеттігі айтылып отыр.

Сондықтан бұл бапты «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендік иесі – Қазақстан халқы» деп жазу ұсынылды. Бұл конституциялық құрылыстың ішкі логикалық тұтастығын қамтамасыз етеді.

Осыған дейін Ерлан Қарин Қазақстанға жаңа Конституция не үшін қажет екенін айтты.