Президенттік жастар кадр резерві кадрларды іріктеу жүйесінде бәсекелестікке жол ашады - Ермек Тоқтаров

Фото: Фото: ҚазАқпарат

Биыл Президенттік жастар кадр резервіне үшінші рет іріктеу өткізілуде. 30 қыркүйекте қатысуға құжаттарды қабылдау аяқталды, депхабарлайды ҚазАқпарат.

Өтінімдерді қабылдауға берілген бір айда жобаның pkrezerv.gov.kz ресми сайтында 30 мыңнан астам адам тіркеліп, оның ішінде 6 404 қатысушы «Мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау» тестілеуіне жіберілді.

ҚР Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының стратегиялық талдау бөлімінің басшысы Ермек Тоқтаров Президенттік жастар кадр резерві жобасының ерекшелігін атап көрсетті.

"Президенттік жастар кадр резервінің ерекшелігі, оның аз уақыт ішінде дарынды жас мамандарды мемлекеттік менеджментке тартуға арналған қуатты әлеуетінде жатыр. ПЖКР-ге мүшелік «әлеуметтік лифт» болып табылады, себебі ол бос лауазымға конкурсқа қатысу үшін белгілі бір лауазымдарда жұмыс тәжірибесіне қойылатын талапты еңсеруге мүмкіндік береді. Бірақ ПЖКР-ге түсер алдында үміткерлер тестілеу мен әңгімелесуді қоса алғанда, бірнеше іріктеу кезеңінен өтетінін ескеруіміз керек. ПЖКР міндеті – қандай да бір талаптарды айналып өту емес, мемлекеттік қызмет жүйесінде жұмыс істемейтін дарынды жас азаматтарға өз жобаларымен, көзқарастарымен белгілі бір салаға келіп, инновациялық шешімдерді жүзеге асыруға мүмкіндік беру", - деді Ермек Тоқтаров.

Сондай-ақ, сарапшы Президенттік жастар кадр резервінің бірінші және екінші іріктеуінен өтіп, резервте тұрған мамандардан қазірдің өзінде жаңа буын менеджерлері қалыптасқанын атап өтті. 

"Резерв мемлекеттік қызметші лауазымдарына неғұрлым дайын үміткерлерді таңдауға мүмкіндік беріп қана қоймайды. Ол мемлекеттік басқару салаларына кадрларды іріктеу жүйесінде бәсекелестікке жол ашады. Бұл жерде резерв мүшелері істеп тұрған мемлекеттік органның жұмысына тартылып, өз көзқарасын әкеліп, басқарушылық инновацияларды ұсына алады.

Негізгі сұрақ мемлекеттік менеджерлердің жаңа буынын қалыптастыруда ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік басқару жүйесінің бүкіл адами капиталын жетілдіру туралы болып отыр. Мемлекеттік қызметшілер корпусының дамып, жаңа сапалық деңгейге көтерілуі өте маңызды. Қазіргі таңда резервтің үшінші толқынына іріктеу жүріп жатыр. Яғни, бірінші және екінші толқыннан резервте тұрғандармен бірге қазірдің өзінде жаңа буын менеджерлерінің көп бөлігі қалыптасты", - деді Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының стратегиялық талдау бөлімінің басшысы.