Президенттік жастар кадр резерві: келесі кезеңге өткен үміткерлердің тізімі шықты
Президенттік жастар кадр резервінің ресми сайтында тестілеудің келесі блогы – «Сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалауға» жіберілген үміткерлер тізімі жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
1 қазанда өткен «Мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау» тестілеуіне 6 404 үміткер жіберіліп, оған оның 5398-і қатысты. Үміткерлер мәтіндік ақпаратты талдау қабілетін анықтау тестінен өтті.
Келесі кезеңге өткен тұлғалардың толық тізімі pkrezerv.gov.kz ресми сайтында қолжетімді.
Іріктеу тәртібіне сәйкес келесі тестілеу – «Сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалауға» қатысушылардың жалпы санының 50% жіберіледі. Бірнеше үміткердің нәтижесі бірдей болған жағдайда келесі тестілеу блогына көбірек қатысушылар саны жіберілуі мүмкін.
Осылайша, тестілеудің екінші блогы «Сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалауға» ең жақсы нәтиже көрсеткен 2967 үміткер жіберілді.
Тестілеудің екінші блогы ағымдағы жылғы 7 қазанда өтеді. Ол үміткердің кестелер, графикалар және диаграммалар түріндегі сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін анықтауға бағытталған 25 тест тапсырмасынан тұрады.
«Сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау» тестілеуіне жіберілген барлық үміткерлер 6 қазан сағат 23:59-ға дейінгі мерзімде (Астана қаласының уақыты бойынша) өзінің жеке кабинетінде тест тапсыру уақытын таңдауы қажет.