Президенттік жастар кадр резервіне қызығушылық артып келеді – Дархан Жазықбай

Фото: ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі

АСТАНА. KAZINFORM – Өткен жылы Президенттік жастар кадр резервіне төртінші іріктеу кезеңі өткізілді. Нәтижесінде резерв 6 бағыт бойынша 50 салалық білікті маманмен толықты. Жобаға қызығушылық артып келеді.

Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде 2025 жылдың нәтижелері бойынша өткен кеңейтілген алқа отырысында ведомство басшысы Дархан Жазықбай мәлім етті, деп хабарлайды агентіктің баспасөз қызметі.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, егер 2019 жылы Президенттік жастар кадр резерві бағдарламасына 13 мың азамат қатысуға ниет білдірсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 32 мыңға жетті. Жалпы резервке алынған 450 азаматтың 337-сі бүгінде түрлі салаларда еңбек етіп жатыр.

- Өңірлік кадр резервтері де нақты нәтиже көрсетті. 538 резервшінің 260-ы жаңа лауазымдарға тағайындалып, олардың 193-і жергілікті атқарушы органдарда басшылық қызметке орналасты. Сонымен қатар, таланттарды тартудың өзге де тетіктері қолданылып жатыр. 735 үздік түлек (GPA 3,33-тен төмен емес) конкурстан тыс ауылдық және аудандық деңгейдегі лауазымдарға қабылданды. Агенттік 964 жоғары лауазымға конкурссыз тағайындауды келісіп, олардың 19,5%-ы квазимемлекеттік және жеке сектор өкілдері болды, - деді агенттік төрағасы.

Алқа отырысында Дархан Жазықбай 2025 жыл мемлекеттік қызмет жүйесі институционалдық тұрғыдан жаңғыртылған жыл болғанын атап өтті.

2025 жылы мемлекеттік қызметті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған Тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа заң жобасы әзірленіп, желтоқсан айында Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілді.

Бұл жаңа заң жобасы қазіргідей тек еңбек қатынастарын яғни, мемлекеттік қызметке кіру, өткеру және оны тоқтату мәселелерін реттеумен шектелмей, ең бастысы мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлқының адамға бағдарланған үлгісін бекітуді көздейді.

Осыған дейін мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа автоматтандырылған моделі таныстырылған болатын.