18 қазанда Бейжіңдегі «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастығының III форумының ашылу рәсіміне қатысқан Қазақстан Президенті баяндамасын қытай тілінде бастаған болатын. Тоқаевтың видеосы бірден Қытайдағы түрлі әлеуметтік желілерде таралып, зор қошеметпен қабылданды.
Қытайдың «Weibo» платформасында (Facebook-тің қытайлық нұсқасы - ред.) журналист Ху Сицзинь жариялаған видео 650 мыңға жуық рет қаралған. Жергілікті желі қолданушылары Қазақстан Президентінің қытай тілін жетік меңгергеніне таңданыс білдіріп жатыр.
Бірі: «Оның қытайшасы менікінен де жақсы екен», - деп жазса, енді бірі: «Даусы да қеремет», - деп пікір білдіреді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Бейжің тіл және мәдениет университетінің үздік түлегі» екені туралы ақпарат жазғандар да бар.
Қытайдағы тағы бір танымал әлеуметтік желі – «toutiao.com» да Қ. Тоқаевтың қытай тілінде сөйлеген видеосын салып, 5 мыңнан астам пікір мен 48 мыңнан астам лайк жинаған.
«Тоқаевтың сөйлеу деңгейі өте жоғары және ол қытайша өте күшті сөйлейді! Президент мырза үшін лайк басамын», - деп жазады оқырмандардың бірі.
Тағы бір адам: «Бұл президенттің қытайша сөйлеуі оны тікелей халықпен жақындастырып, достық сезімін тудырады. Қазақстан мен Қытайдың достығы баянды болсын деп тілеймін!» - деп жазды.