Президенттің қатысуымен Парламент палаталарының бірлескен отырысы басталды

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Парламент палаталарының бірлескен отырысы басталды.

Фото: Kazinform

Айта кетейік, жақында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Парламент жұмысын 30 маусым күні Қазақстан Президенті қорытындылайтынын мәлім етті.

Еске салсақ, Парламент жаңа Конституцияны іске асыру үшін бірқатар конституциялық заңды қарады. «Президент», «Астананың мәртебесі», «Әкімшілік-аумақтық құрылыс» туралы заңдар жаңарып, «Құрылтай және оның депутаттарының мәртебесі», «Халық Кеңесі» туралы мүлдем жаңа заңдар қабылданды. Осылайша, Ата заңның күшіне енуі үшін барлық жұмыс атқарылды. Сонымен қатар депутаттар «Жаңа Конституцияның күшіне енуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» заң қабылдады. Елімізде қылмыстық рақымшылықпен бірге, алғаш рет әкімшілік рақымшылық жасалды.

26 маусым күні Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов VIII сайланған ҚР Парламентінің төртінші сессиясындағы палатаның жұмысын қорытындылады

Сонымен қатар 29 маусымда Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев палатаның соңғы жалпы отырысын өткізді

30 жылда Сенаттың 890-нан астам жалпы отырысы өткізілген. Сол отырыстарда үш жарым мыңнан астам заң қабылданған. Олардың ішінде 350-ден астамына немесе әрбір оныншы заңға Парламент депутаттары бастамашылық жасаған.

Еске салсақ, биыл 1 қыркүйектен бастап жаңа Парламент — Құрылтай өз жұмысына кіріседі

Ата заңның 94-бабына сәйкес, Республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді, бұған дейін қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының қолданысы сол мезгілден бастап тоқтатылады. Республикалық референдумда Конституция қабылданған күн мемлекеттік мереке — Қазақстан Республикасының Конституциясы күні деп жарияланады.

Нақтырақ айтқанда, жаңа Конституцияның 95-бабында 1995 жылғы 30 тамыздағы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес қалыптастырылған Қазақстан Республикасының Парламенті өз өкілеттігін 2026 жылғы 1 шілдеден бастап тоқтататыны жазылған.

Ал Конституция күшіне енген күннен бастап бір ай ішінде Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтай сайлауын жариялайды және ол екі ай ішінде өткізіледі. Бірінші шақырылған Құрылтайдың бірінші сессиясы ашылған күннен бастап екі ай ішінде Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтайдың келісімімен Вице-Президентті тағайындауға тиіс.