Президенттің Қазақ тілі эндаумент қорына салған үлесі 100 есе өсті
АСТАНА. KAZINFORM — Елордада Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жылдық қорытынды құрылтайы өтті.
Құрылтайға Қазақстан Президентінің көмекшісі — Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай, Парламент депутаттары, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайшылары мен Орталық кеңес мүшелері, қор демеушілері, өңірлік филиал төрағалары және делегаттар қатысты.
Халық әртісі, қоғам құрылтайшысы Димаш Құдайберген шетелде іссапарда болуына байланысты алқалы жиын қатысушыларына бейнеқұттықтау жолдады.
— Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы еліміздегі тіл жанашырларын ортақ мақсатқа біріктіріп, тіліміздің мәртебесін көтеру жолында жүйелі жұмыс істеп келе жатқан ерекше ұйымдардың бірі. Мен үшін ерекше қуанышты жаңалық, «Қазақ тілі» қоғамының OpenAI-мен серіктестігі. Бұл қазақ тілінің жасанды интеллект дәуірінде өз тегін табуына жол ашады. Сонымен бірге тіл жанашырларының ортақ цифрлық алаңы — Қазақ тілі қоғамы мобильді қосымшасы іске қосылып жатыр. Қазақ тілі — біздің тамырымыз, біздің болмысымыз, біздің болашағымыз. Тілді дамыту жолында еңбек етіп жүрген барша жанға шын жүректен алғыс айтқым келеді. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жұмысына шын жүректен сәттілік тілеймін, — деді танымал әнші құттықтауында.
Іс-шара барысында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының басшысы Рауан Кенжеханұлы 2025 жылға арналған іс-қимыл жоспары аясында атқарылған жұмыстарға тоқталды.
— Біз үшін қазақ тілін оқытудың әдістемесі мен тәжірибесін жетілдірудегі аса маңызды бағыттың бірі — білім беру жүйесіндегі оқыту әдістемесі. Осы бағытта бірқатар жұмыс істелініп жатыр. Форумдар өткізіп, мұғалімдермен тікелей жұмыс істейміз. Екінші бағыт — қазақ тілін заманға сай мазмұнмен байыту. Оның аясында балаларға қажетті әдебиет, мультфильм, кинодан бастап, ғылыми, іскерлік әдебиеттерді барынша көбейтуге тырысамыз. Үшінші бағыт — тілді қазіргі жаһандық технологияларға жақындату, осы үрдіске қосу. Айта берсе, шаруа көп, бәрі маңызды. Бірақ біз өзіміздің қауқарымызға қарай алдағы уақытта дәл қазір өзекті болып көрінген осындай үш бағытта таңдап алып, жұмыс істеп жатырмыз, — деді ол.
Оның айтуынша, биыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай ақынның академиялық жинағы қазақ, ағылшын, орыс және қытай тілдерінде жарияланды. Бұған қоса ана тіліміздің рухани мәртебесін көтеретін бірқатар кітап аударылып, басылып шықты.
«Қазақ тілі» қоғамының бастамасымен Disney және Pixar студиялары танымал фильмдерін қазақ тіліне дубляждау дәстүрін жалғастырды. Биыл «Ақшақар», «Элио», «Лило мен Стич», «Аңдар шаһары 2» сияқты танымал туындылары кассалық табыс көрсеткіштері бойынша рекорд жаңартты. Мәселен, қарашаның 27 күні таныстырылған «Аңдар шаһары 2» анимациялық фильмі алғашқы аптада-ақ Қазақстан мен Орталық Азия бойынша жалпы табыстың 15,5 пайызын қазақша нұсқа есебінен жинады.
— Disney және Pixar студияларына Қазақстаннан демеуші тауып, елімізге келіп жатқан балаларға қызықты, тартымды кейіпкерлері бар фильмдерді қазақ тіліне аударуды ұсынған едік. Бірақ олар ұсынысты қарап, бірінші рет Disney және Pixar студиялары өз қаражатына дубяжды қазақ тіліне үлкен тілдермен бір уақытта жасап, таныстырып жатыр. Дүниежүзінде ондай тілдің саны 30-ға жуық қана. Демек, голливудтық мықты студиялары қазақ тілін әлемде премьерасы бір күнде болатын өзге тілдердің қатарына қосты. Бұл біз үшін үлкен мәртебе әрі жауапкершілік, — деді қоғам басшысы.
Білім беру саласындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытуға әдістемелік қолдау көрсету жұмысы жалғасып жатыр. Алматы, Қарағанды және Абай облыстарында екі мыңға жуық қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерімен форумдар өткізіліп, педагогтардың кәсіби қауымдастығы кеңейе түсті.
Биыл алғаш рет «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорымен бірлесіп «Ана тілі» республикалық зияткерлік олимпиадасы ұйымдастырылды. Олимпиадаға еліміздің барлық өңірінен 5 000 оқушы қатысып, ақтық сынға 64 команда өтті. Жеңімпаз 8 оқушыға жетекші жоғары оқу орындарының гранттары табысталды. Сонымен қатар, «Жарқын болашақ» шығармашылық олимпиадасы жалғасын тауып, үздік оқушыларға білім гранттары ұсынылды.
— Олимпиаданың, қазақ тілінің арқасында өзге тілді ортадан шыққан 40-қа жуық бала үлкен болашаққа жолдама алып отыр. Осы жұмысты ары қарай жалғастырамыз, — деді Рауан Кенжеханұлы.
Қазақ тілінің жаңа технологиялық кезеңге бейімделуін күшейту мақсатында «Жаңа сөз» жобасы іске қосылды. til.kz платформасында жүзеге асырылып жатқан бастама жаңа құбылыстар мен ұғымдарға ұлттық сипаттағы баламалар қалыптастыруға, қоғамды сөзжасам процесіне кеңінен тартуға бағытталған.
Сондай-ақ, биыл «Жыл сөзі — 2025» жобасы басталды. Жоба аясында қоғамда, медиада және әлеуметтік желілерде кең қолданылған сөздер анықталды. Сауалнама нәтижесі бойынша осы жылдың ең жиі қолданылған сөзі — «жасанды интеллект», ең танымал кірме сөзі — «чатбот», жаңа сөз — «сұхбаткер», жиі айтылған цитата — «әр күн — жаңа мүмкіндік» екені анықталды.
Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» орталығымен бірге «Ұлттық диктант» жобасы өтті. Мәдени-ағартушылық бастамаға офлайн және онлайн форматта жалпы саны 300 мыңға жуық азамат қатысты. Бұл — жазу мәдениетіне деген қоғамдық сұраныстың артқанын көрсететін маңызды көрсеткіш.
Тіл мен технология тоғысында іске асқан ірі бастаманың бірі — Мемлекет басшысының АҚШ-қа ресми сапары кезінде Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мен OpenAI компаниясының ChatGPT-дің қазақ тіліндегі мүмкіндіктерін дамыту туралы келісімі. Келіссөздерде қазақ тіліндегі деректер көлемін ұлғайту, модельдер дәлдігін арттыру және сапалы оқу контентін интеграциялау мәселелері талқыланды.
«Қазақ тілі» қоғамының мүшелері үшін ортақ цифрлық кеңістік қалыптастыру мақсатында Qazaq Tili Qogamy мобильді қосымшасы әзірленді. Қосымша арқылы кез келген азамат қоғамдастыққа қосылып, серіктес компаниялардың қызметіне жеңілдіктер мен KITAP платформасына тегін жазылым ала алады. Жазылымнан түскен қаражаттың бір бөлігі Qazaq Tili Endowment қорына бағытталып, тіл дамыту жобаларына жұмсалады.
2023 жылы құрылған Qazaq Tili Endowment қоры Қоғамның ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етуге ықпал етіп келеді. Мемлекет басшысының алғашқы қолдауынан кейін ірі кәсіпкерлер мен компаниялар бастаманы жалғастырып, бүгінгі таңда қорға 700 миллион теңгеден аса қаражат жиналды. Қор қаражаты жұмсалмайды. Биылғы үстеме табыс мөлшері 80 миллион теңгені құрады. Бұл Қоғамның қаржылық дербестігін нығайтуға мүмкіндік берді.
«Қазақ тілі» қоғамының эндаумент қоры 2023 жылы мемлекеттік тілді дамыту мен қолдау мақсатында жүйелі және тұрақты жұмысқа қажет қаржылық негіз қалыптастыру үшін құрылған.
Бірінші болып бұл бастаманы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қолдап, 7 млн теңге көлемінде жарна аударған еді. Мемлекет басшысының бұл бастамасын белгілі қазақстандық кәсіпкерлер мен қазақ тілінің жанашырлары жалғастырды.
Биыл сәуірде Lancaster Group акционерлері — Берік Қаниев, Гаухар Қаппарова және Юрий Пак Qazaq Tili Endowment қорына 200 млн теңге бөлу туралы шешім қабылдағаны белгілі болды.