Президенттің кеңесшісі табиғи парктер мен қорықтарды аралады

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

КЕНТАУ. KAZINFORM – Бүгін Кентау қаласына Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі- Халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі Зүлфия Сүлейменова жұмыс сапарымен келді. 

Сапар аясында облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаевпен бірге қала аумағындағы ерекше қорғалатын табиғи аумақ — «Қаратау» қорығына барып, тыныс-тіршілігімен жан-жақты танысты. Қорық қызметкерлері атқарылып жатқан жұмыстар жайын баяндап, өңірдің биоалуандылығы мен қорғауға алынған табиғи байлықтары туралы мәліметтер ұсынды.

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Қорықта 1221 өсімдіктің түрі өседі, оның 59-ы — Қызыл кітапқа енген. Ал құстардың 127 түрі кездессе, Қызыл кітапқа оның 12-сі енгізілген. Сондай-ақ омыртқасыздардың — 1345 түрі бар, оның 16-сы Қызыл кітапқа енген. Еліміздегі арқардың 5 түрінің бірі — Қаратау арқары дәл осы аймақта мекендейді.

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Зүлфия Болатқызы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биоәртүрлілікті сақтау — ұлттық маңызы бар міндет екенін атап өтті. Сонымен қатар Халықаралық биоәртүрлілікті қорғау қоры құрылып жатқанын жеткізді. Бұл бастама қорықтардың қызметін күшейтуге және экотуризмді дамытуға тың серпін береді.

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Қонақтар сондай-ақ қорықтағы тарихи орын — «Хан тағы» бөлігіне барып, қорықта жайғасқан табиғатты тамашалады. Одан бөлек, зертхана жұмысымен танысып, қорық қызметкерлерімен тілдесті. Мұнда сирек кездесетін жәндіктер сақталып, ғылыми зерттеулер жүргізіледі.

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Осы күні Президент кеңесшісі Түркістан қаласындағы «Жастар саябағы» мен «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркіне арнайы барып, атқарылып жатқан жұмыстарымен танысты.