Президенттің цифрлық экономика құру саясаты шетелдік БАҚ назарында

АСТАНА. KAZINFORM — Әлемдік технологиялық компаниялардың Қазақстанға қызығушылығы артып келеді. Еліміз Еуропа мен Азия арасындағы жасанды интеллект саласының маңызды орталықтарының біріне айналуға ұмтылып отыр. Британиялық Global Banking & Finance Review халықаралық қаржы-сараптамалық басылымы Қазақстанның цифрлық экономикасын дамыту бағытындағы бастамаларына назар аударып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың технологиялық жаңғыру саясаты мен оның экономикалық мүмкіндіктеріне шолу жасады.

Фото: Kazinform/ЖИ

Басылым Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы мүмкіндіктерін халықаралық технологиялық компаниялармен ынтымақтастық, цифрлық инфрақұрылымды дамыту және отандық IT-индустрияның өсуі тұрғысынан қарастырған. Авторлар елдің энергетикалық әлеуеті мен географиялық орналасуы ірі есептеу орталықтарын құруға мүмкіндік беретінін атап өтеді. Бұл бағыттағы бастамалар Қазақстанның шикізат экспортына тәуелділігін азайтып, жаңа технологияларға негізделген экономиканы дамытуына жол ашуы мүмкін.

Фото: Ақорда

Мақалада NVIDIA компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Дженсен Хуангтың Астанаға алғашқы сапарына ерекше назар аударылған. Ол Қазақстанды жасанды интеллект технологияларын дамытуға және ауқымды есептеу қуаттарын орналастыруға қолайлы елдердің бірі ретінде бағалаған. Әлемдік технологиялық алпауыттың мұндай қызығушылығы Қазақстанның халықаралық жасанды интеллект нарығындағы мүмкіндіктерін кеңейте түспек.

Цифрландырудан экономиканы жаңғыртуға

Global Banking & Finance Review Қазақстанның соңғы жылдары цифрландыру саласында қол жеткізген нәтижелерін де келтіреді. Қазір еліміздегі мемлекеттік қызметтердің 90,3 пайызы электронды түрде қолжетімді. Халықтың 97,5 пайызы интернетке қосылған. Ал IT-қызметтер экспорты бес жыл ішінде айтарлықтай өскен. Мәселен, 2020 жылы бұл көрсеткіш 33,5 миллион доллар болса, 2025 жылы 1,142 миллиард долларға жеткен.

Фото: Kazinform/ЖИ

Ендігі кезекте ЖИ-ді өнеркәсіпке, энергетикаға, ауыл шаруашылығына және көлік-логистика саласына енгізу арқылы экономиканың өнімділігін арттыру мәселесі қойылып отыр.

Бұл бағыт Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың цифрлық экономиканы қалыптастыру жөніндегі бастамаларымен сабақтас. Мемлекет басшысы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды экономиканың нақты салаларында қолдануға басымдық берген болатын. Жаңа технологиялар өндіріс шығындарын азайтып, кәсіпорындардың тиімділігін арттыруға және қосылған құны жоғары өнім шығаруға мүмкіндік береді.

Миллиардтаған инвестиция және отандық технологиялар

Бұдан бөлек, шетелдік басылым назар аударған ірі жобалардың бірі — Екібастұзда жүзеге асырылып жатқан Data Center Valley. Бұл бастама Қазақстанда ауқымды есептеу инфрақұрылымын қалыптастыруды көздейді. Жасанды интеллект пен цифрлық инфрақұрылымды дамыту саласындағы халықаралық келісімдердің жалпы құны 10 миллиард долларға дейін жетуі мүмкін. Жобаның алғашқы кезеңін 2027 жылдың үшінші тоқсанында коммерциялық пайдалануға беру жоспарланған.

Фото: Kazinform/ЖИ

Мұндай орталықтар жасанды интеллект модельдерін оқытуға, үлкен көлемдегі деректерді өңдеуге және халықаралық компанияларға есептеу қызметтерін ұсынуға мүмкіндік береді. Қазақстан үшін бұл тек шетелдік инвестиция тартудың жолы емес, цифрлық қызметтер экспортын кеңейтудің де жаңа бағыты болмақ.

Сонымен бірге елде суперкомпьютерлік инфрақұрылым дамып, ұлттық тілдік модельдер әзірленіп жатыр. Басылымның назар аударған маңызды мәселелерінің бірі — осы мүмкіндіктерді қазақстандық мамандар мен технологиялық компаниялардың игілігіне жарату. Ол үшін жаңа технологияларды меңгерген мамандар, ғылыми зерттеулер және халықаралық нарықта сұранысқа ие отандық өнімдер қажет.

Фото: freepik.com

Қазақстанның бұл бағыттағы әлеуетін көрсететін мысалдардың бірі — жасанды интеллект көмегімен видео жасауға маманданған Higgsfield стартапы. Компания 2026 жылдың тамызында 400 миллион доллар инвестиция тартып, оның нарықтық құны 5,4 миллиард долларға бағаланған. Мұндай жобалардың дамуы қазақстандық технологиялық экожүйенің әлемдік жасанды интеллект нарығымен байланысы нығайып келе жатқанын көрсетеді.

Жасанды интеллект экономикаға қандай пайда әкеледі

Global Banking & Finance Review жарияланымында жасанды интеллектінің экономиканың дәстүрлі салаларына тигізетін ықпалы да қарастырылған. Мәселен, энергетикада интеллектуалды жүйелер жабдықтардың істен шығу қаупін алдын ала анықтап, өндірістегі үзілістерді азайтуға көмектеседі. Өнеркәсіпте технологиялық үдерістерді оңтайландыруға, логистикада жүк тасымалын жеделдетуге, ал ауыл шаруашылығында су мен басқа да ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Дегенмен халықаралық инвестициялар мен заманауи инфрақұрылымның болуы технологиялық дамудың жалғыз шарты емес. Бұл бағытта инженерлік мамандар даярлау, ғылыми зерттеулерді қолдау және отандық әзірлемелерді нарыққа шығару маңызды. Әсіресе Қазақстанда жасалған технологиялардың халықаралық бәсекеге төтеп беруі мен олардың ел экономикасына нақты пайда әкелуі шешуші мәнге ие.

Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

Қазақстанның ұзақ мерзімді мақсаты — шикізат пен энергия ресурстарын экспорттаумен шектелмей, қосылған құны жоғары технологиялық өнімдер шығаратын елге айналу. Бұл жолда халықаралық компаниялармен ынтымақтастық пен ірі инвестициялық жобалар жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Ендігі нәтиже сол мүмкіндіктердің қаншалықты отандық өндірістің дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және цифрлық экспорттың ұлғаюына ықпал ететініне байланысты.

Айта кетейік, бұған дейін ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру мен жасанды интеллект — ел болашағының негізі екенін айтып өткен еді.