Президенттің жаңажылдық құттықтауын Астана мен Алматы тұрғындары LED экрандардан тыңдады
АСТАНА. KAZINFORM - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқын Жаңа жыл мерекесімен құттықтауы елорда мен Алматы қаласының бірнеше жерінде орналасқан LED экрандардан көрсетілді.
Елордада Президенттің жаңажылдық құттықтауы төрт жерде, яғни Қазақ елі алаңында, елорда әкімдігінің алдында, ЭКСПО қалашығы аумағында және «Астана-Арена» стадионы алдында тікелей таратылды.
Ал Алматы қаласында Мемлекет басшысының құттықтауы «Астана» орталық алаңында, Алматы халықаралық әуежайында, Алматы-1 және Алматы-2 вокзалында LED экран арқылы көрсетілді.
Осылайша, Президенттің жаңажылдық дәстүрлі құттықтау сөзін бұл жолы қазақстандықтар үйдегі немесе жұмыс орындарындағы көгілдір экрандардан ғана емес, ашық аспан астында тұрып тыңдау мүмкіндігіне ие болды.
Сондай-ақ, Астана мен Алматы қаласында мерекелік отшашу болды. Елордада Ботаникалық бақтағы отшашуды тамашалауға жиналған жұрттың қарасы көп.
Айта кетейік, биыл Ақордада Ratovich пен Отырар сазы еліміздің Әнұранын теңдесі жоқ тандемде орындады.
Еске салсақ, өткен жылы жаңа жыл мерекесіне орай еліміздің Әнұранын Ақордада симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен әлемге әйгілі Димаш Құдайберген орындаған еді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жаңа жылмен құттықтауын Jibek Joly телеарнасы арқылы көрсетілді.