Приозерск қаласының жылу жүйесі бұрынғыдан да жақсы жұмыс істейтін болады - сарапшы пікірі

None
АСТАНА. 17 қаңтар. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Төтенше жағдайлар саласы мамандарының айтуларынша, Приозерск қаласындағы жылу жүйесін жөндеу жұмыстары толық аяқталса, жылу бұрынғыдан әлдеқайда жақсы берілетін болады.

Бұл туралы бүгін осы мәселеге байланысты журналистермен арнайы баспасөз мәслихатын өткізген Төтенше жағдайлар саласының Қазандықтар, газ шаруашылығы мен көтергіш құрылғылар нысандарын мемлекеттік бақылау басқармасының бас сарапшысы Владимир Мельник мәлім етті.

Оның сөзіне қарағанда, Приозерск қаласында алғашында бумен жұмыс істейтін ДЕ-25 маркілі 5 қазандығы қойылып, оның 4-уі іске қосылған. Апатты жағдайдан соң жұмыс істеп тұрған 4 қазандықтың 1-і істен шықты. «Қазіргі таңда мұнда небәрі 3 қазандық жұмыс істеп тұр. Баршаға мәлім Приозерск қаласында орын алған төтенше жағдайлардан соң осы жағдайды реттеу мақсатында қосымша комиссия құрылды. Аталмыш комиссия өкілдері жағдайды нақтылай келе қаланы жылумен қамтамасыз ету жұмыстарын жетілдіру қажет деген байламға келді. Яғни бізге қаладағы жұмыс істеп тұрған 3 қазандықпен қоса тағы 2 қазандықты іске қосу міндеті жүктелді. Аталмыш жұмыстар 26 қаңтар күні толық бітеді деген ойдамын. Техникалық жұмыстар аяқталатын болса, қазандықтан шығар жолдағы жылу температурасы 80 градустан да асады», - деді сарапшы.