Приозерскіде апаттан кейін барлық тұрғын үйлерге жылу берілді - Қарағанды облысы әкімінің бірінші орынбасары
«Қазіргі уақытта барлық 50 тұрғын үйге жылу берілді. Әрине, кейбір үйлерге қайта оралу керектігін өздеріңіз де түсінесіз. Бұл табиғи процесс. Жылумен қамтамасыз етуді толықтай тұрақтандыру үшін жүйені үйлестіру қажет», - деген ол, әлеуметтік нысандарға жылудың бұрындары берілгенін атап өтті.
Облыс әкімінің бірінші орынбасарының айтуынша, Приозерскінің қазандығы қазіргі күні қалыпты жағдайда жұмыс жасауда. «Қазандықта әдеттегідей, 4 қазандық жұмыс жасап жатыр, бесінші қазандық резервте тұр. Жылу сақтағыштың температурасы қазіргі күні 63 градусқа жетіп отыр, ал қайтарымы - 47-48 градус. Қосымша жабдықтар қалыпты жағдайда жұмыс жасауда», - деп хабарлады С.Өтешов.
Еске сала кетсек, үстіміздегі жылдың 4 қаңтарында Приозерскідегі қазандықтағы апаттан кейін тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар мұз құрсауында қалды. Бұған бір жағынан сырттағы ауа-райының күрт суытып кетуі де әсер етті.
Апаттың негізгі себебі жабдықтардың толықтай тозып кетуі. Қалалық жылыту желілерін сақтап қалу үшін, бірқатар тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың суларын ағызып жіберу туралы шешім қабылданды. Қалада апатты жағдай жарияланды. Айта кетер жәйт, Приозерскінің халқы 13 мыңнан астам адамды құрайды.