Приозерскіде қайта қалпына келтіруге жатпайтын 43 азаматтық-тұрғын үй ғимараты бұзылды

None
ҚАРАҒАНДЫ. 28 наурыз. ҚазАқпарат - Бүгін Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішев Приозерск қаласы мен Ақтоғай ауданының Сарышаған кентіне жұмыс сапарымен барды,

деп хабарлады өңір әкімінің баспасөз қызметінен.

Облыс басшысы Сарышаған кентінде қазандықтың жұмысымен танысып, бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады.

«Аймақ басшысы Приозерскінің тұрғын үй-коммуналдық саласына айрықша назар аударды. Ол тозу деңгейі 90% құрайтын әрі соның кесірінен құбырлардың жиі жарылуына әкеліп соғатын қысымды коллектордың жағдайын көрді», деп хабарлады баспасөз қызметінен.

Облыс әкімі қалалық әкімдік пен облыстық энергетика және ТКШ басқармасына стансаның жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеп, «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша жаңғырту жұмыстарына қаржы бөлу жағын қарастыруды тапсырды.

Медициналық кадрлармен қамтамасыз етілу жайын өңір басшысы Приозерскінің орталық қалалық ауруханасына барған кезінде де көтерді. Осыған орай Бауыржан Әбдішев бұл мәселені шешуге тапсырма берді. Сонымен қатар ол Балқаш көлінің жағалауында салынып жатқан шипажай құрылысын көрді.

Осыдан кейін актив жиыны өткізіліп, онда Приозерск қаласының 2011-2013 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарын жүзеге асыру барысы талқыланды.

- Өздеріңізге белгілі, мемлекеттік саясаттың басымдықтары өңірлік дамуға бағытталып отыр. Шағын қалаларды дамытуды көздейтін көптеген мемлекеттік және салалық бағдарламалар қабылданып, жүзеге асырылуда. Міне, осыларды тиімді пайдалану керек», - деді облыс әкімі.

Аталған мәселе бойынша Приозерск қаласының әкімі Қайрат Қамзин атап өткендей, 31 шарадан тұратын кешенді жоспарды жүзеге асыруға 12,6 млрд. теңге бөлінді. «Осыған сәйкес қала инфрақұрылымын қолдау, оның ішінде №1 қазандық пен жылу желілерін қысқа дайындау жұмыстары атқарылды. Қалпына келтіруге жатпайтын 43 тұрғын үй-азаматтық ғимараты бұзылды. Ішкі істер бөліміне арнайы техника сатып алынды. №47 өрт сөндіру бөліміне арнайы техникалар алынып, гараж салынды», - деді ол.

«2011 -2013 жылдарға арналған кешенді жоспарды жүзеге асырғаннан кейін де Приозерск қаласы одан әрі дами түсуі үшін резерв құру қажет. Қазір ол үшін барлық мүмкіндіктер бар. Мемлекетіміз бүгінгідей қолдауды ешқашан жасап көрген емес», - деді аймақ басшысы.