Пробациялық бақылау: түрмеден шыққан адам өмірге қалай қайта бейімделеді
АСТАНА. KAZINFORM – Jibek Joly арнасындағы «Правда в деталях» бағдарламасының кезекті шығарылымы сот процестері емес, сотталғандардың темір тордан кейінгі өмірін талдауға арналды.
Пробация қалай жұмыс істейді?
Қазір Қазақстанның қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінде 30 мыңнан астам адам жазасын өтеп жатыр. Сонымен қатар 25,5 мың адам пробация қызметінде есепте тұр.
– Пробация латын тілінен шыққан және «сынақ» дегенді білдіреді. Бұл – қайта қылмыс жасауға жол бермеу және сотталғандарды қайта әлеуметтік бейімдеу мақсатында жүргізілетін шаралар кешені, – дейді ҚР ІІМ Пробацияның заңдылығын қадағалау басқармасының басшысы Олег Морозов.
Сала маманы пробацияның бірнеше түрге бөлінетінін айтты.
– Төрт түрі бар: алдын ала сот алдындағы, пенитенциарлық (яғни қамауда жүргендерге), постпенитенциарлық және үкіммен белгіленген пробация. Соңғысы – бостандықтан айырумен байланысты емес жаза, мысалы, шартты түрде соттау немесе еркіндікті шектеу, – деп түсіндірді Олег Морозов.
Сотталған адам түзету мекемесіне түскен сәттен бастап қылмыстық атқару жүйесінің қызметкерлері оның білім деңгейін, кәсібін, қажеттіліктерін анықтап, жеке түзету жоспарын әзірлейді.
Жазасын өтеп жүрген кезеңде сотталғандарға оқу, жаңа мамандықтар игеру және қайта бейімдеу бағдарламалары ұсынылады. Бостандыққа шығуға шамамен бір жыл қалғанда жұмыс күшейеді.
Егер адам шартты түрде мерзімінен бұрын босатылса, ол бостандықта жүргенде де пробация органдарының бақылауында болады. Бұл оның шынымен түзеліп, белгіленген ережелерді сақтап жүргенін қадағалау мақсатында жасалады.
– Белгілі бір шектеулер қойылады. Мәселен, ойын-сауық орындарына баруға, алкогольді ішімдіктерді тұтынуға болмайды, тіркелген мекенжайдан хабарсыз шықпау қажет. Пробация қызметі тұрғылықты жерін тексеруге, шектеулердің орындалуын қадағалауға, алкогольден бас тартуын бақылауға, сондай-ақ басқа шараларды қолдануға құқылы, – дейді спикер.
Сотталғандардың басты проблемасы – жұмысқа орналаса алмауы
Дегенмен, пробациялық жүйенің функциясы тек бақылаумен шектелмейді. Ол бұрынғы сотталғандарға және шартты түрде жаза өтеп жүргендерге көмек көрсетуді де көздейді. Қазақстанда пробация туралы заң 2016 жылы қабылданған, содан кейін қылмыс жасаған адамдарды қайта бейімдеуге арналған қайта әлеуметтендіру бағдарламасы әзірленді. Бүгінде ол пробациялық жүйенің маңызды бөлігі саналады.
Елімізде аталған бағдарламаның негізінде жұмыс істейтін мекемелердің бірі – Астана қаласы әкімдігінің «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы.
– Адам 20 жыл ішінде бес рет сотталса, онда мәселенің бары айдан анық. Себебі алғашқы соттан соң оған уақтылы қайта әлеуметтендіру көмегі көрсетілсе, жағдай басқаша өрбуі мүмкін еді. Көбіне сотталғандар әр бостандыққа шыққан сайын жұмысқа орналаса алмай, өмірден таяқ жейді. Ақшасыз қалады. Сол себепті қылмысқа барады, – дейді «Жанұя» орталығының әлеуметтік сүйемелдеу бөлімінің жетекшісі Әсем Манабаева.
Бостандыққа шыққан, бірақ пәтерсіз және қолдаусыз қалған адамдарға арнайы қайта бейімдеу орталықтары қолжетімді. Мұнда олар уақытша тұрып, тамақтана алады және мамандардың көмегіне жүгіне алады.
– Қайта бейімдеу және әлеуметтендіру орталықтары бар, онда оларға уақытша тұрғын үй мен тіркелу ұсынылады. Оларды жұмыссыз ретінде есепке алады. Соның арқасында жәрдемақы алуға құқылы. Кейін тұрақты жұмысқа орналастырылады, тұрақты табысқа қол жеткізеді. Бұл қылмысқа баруға негізгі себептерді азайтады. Практика көрсеткендей, ең көп қылмыс жасайтындар – жұмыссыз адамдар, – деді Олег Морозов.
Сонымен қатар медициналық қолдау да маңызды. Пробация қызметкерлері есептегі адамдарды психологиялық кеңестер мен қайта бейімдеу бағдарламаларына да жібереді.
– Түрмеден шыққаннан кейін сотталғандар стигмамен, қорқыныш-үреймен бетпе-бет келеді. Адамдар оларға сенбейді, жұмысқа қабылдауға қауіптенеді. Сондықтан олар өздерін әлсіз, адасқан сезінеді. Бұл олардың психологиялық тұрғыдан үлкен стресс алуына әкеледі, – деді «Жанұя» орталығының психологиялық көмек көрсету бөлімінің жетекшісі Нағима Бексұлтанова.
Көмектен бас тарту қайта қылмыс жасауға себеп
Мемлекет сотталғандардың толыққанды өмірге оралуына арналған көптеген механизмдерді ұсынғанына қарамастан, тағы бір шешілмеген түйін бар. Кейде адамдардың өздері ұсынылған көмекті қабылдаудан бас тартады. Себебі олар әлемге деген сенімін жоғалтқан.
– Ең қиын сәт – олардың көмектен бас тарту туралы өтініш жазатын кезі, ештеңе қаламаймын деп айтады, тұйықталады. Мұндайда біз қауқарсызбыз, – деп атап өтті Әсем Манабаева.
Психологтердің айтуынша, рецидивтің бір себебі – бұрынғы сотталғандардың өз-өзімен түсіністікке келмей, тәртіптен қашуы. Себебі темір тордағы жүйе мен бекітілген кесте шешім қабылдау дағдысын жояды.
– Олар жаңа жағдайға қалыптаса алмайды. Қалай әрекет ету, не істеу керегін түсінбейді, өмірін дұрыс жүйелей алмайды. Сол себепті рецидив қаупі пайда болады. Қолдау мен сенімнің жоқтығы, кейде өзіне сенбеу оларды қайтадан қателікке баруға итермелейді, – дейді Нағима Бексұлтанова.
Пробациядан бизнеске: Жасұланның жаңа өмірі
Алайда жаңа өмір бастауды кейінге қалдырмайтындар көп. Соның бірі – 30 жастағы Жасұлан. Ол – төрт баланың әкесі, шағын кәсіптің иесі. Бірақ оның жетістікке жету жолы тым қиын. Ол бес жыл ішінде бір ғана қылмысы үшін екі рет пробациялық бақылауға іліккен.
– Біз атты жай серуендеуге алған едік. Үш адам болып басқа ауылға барып келдік. Содан кейін атты жай ғана жолда бостандыққа жібере салдық. Сатып жіберу жайлы ойымыз болмады, – деп еске алады Жасұлан.
Ойсыз жасалған істің соңы сотқа жеткен. Іс сот тарапынан шартты 5 жылға дейінгі мерзімге бағаланды.
– Соттан кейін пробациялық бақылаулар болды. Мен сыртқа шығып кеткен едім, сол аралықта келіпті. Мені таппаған. Әйелім де кетіп қалды деп кесіп айтқан. Келесі күні ресми түсініктеме алу үшін шақыртылдым. Ережені жиі бұздым, – дейді ол.
Соңында сот үкімін қатаңдатып, шартты жазаны орта деңгейдегі колониядағы нақты мерзімге ауыстырған.
– Нақты жазаға ауыстырғанда көп нәрсені түсініп, қателігімді мойындадым. Неге осы қателіктерге жол бергенім жайлы жиі ойландым, – деп ой бөлісті Жасұлан.
Кейіпкер түрмеде отырып, бостандықтың қадірін ұғынған. Уақыт өте келе үлгілі тәртібі үшін қалған мерзімі шартты түрге ауысқан. Алайда түрмеден шыққан соң жұмыссыздыққа тап болып, тұңғиыққа батыпты. Оның үстіне баспана мәселесі де шешілмеген.
– Жұмысты көп іздедім. Сосын қайта әлеуметтенуді бастадым. Мамандардың қолдауымен кәсіп жайлы ойлана бастадым. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша оқып, жаңа мамандыққа ие болдым. Шағын бизнес ашу үшін грант алдым және жеке бизнесімді бастадым. Пробация қызметі пәтер мәселесін шешуге де көмектесті. Бір бөлмелі пәтерде тұру қиын екенін айтып, жағдайымды түсіндірген едім. Келесі күні ресми түрде көмек көрсетіп, баспаналы болуға септесті, – дейді Жасұлан.
Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданының прокуроры Медет Кафизовтың айтуынша, сотталған адамның қайта әлеуметтеніп, осылайша жаңа өмір бастауы өзгелерге үлгі.
– Аудан прокуроры ретінде пробацияда тұрған адамдармен жиі кездесулер ұйымдастырамын. Ай сайын жиналыстар өткізіледі. Позитивті мысал ретінде бір адам трибунаға шығып, жетістіктерін баяндайды. Басқалары олардың жолын қайталауға ұмтылады, – деп атап өтті прокурор.
Түрме мен бостандық арасындағы көпір
Әлеуметтенген азаматтардың қатарында Мамвел есімді тағы бір кейіпкер бар. Ол 50 жаста, ғұмырының көп бөлігін түрмеде өткізген. Бірақ қиын сынақтарға қарамастан өмірін қайта жүйелеуге тырысуда.
Мамвел – кәсіби етікші, 1990 жылдары өз аймағында бірнеше етік цехын басқарып, жеке бизнесін жүргізген азамат. Дегенмен, сол замандағы «көше заңына» ілесіп кетуі оның өмірін астан-кестен етіпті.
– Сол кездерде үлкендер арасында «нашақор» сөзі ерекше мәртебе ретінде қабылданатын. Түрмеден шыққандарға құрмет көрсетілетін, олардың тәжірибесі мен күші жоғары бағаланатын. Біз жас едік, соларға еліктедік. Сол жылдары алғаш рет есірткі қолдандым. Бірінші сотым осы әрекетіммен байланысты, – дейді Мамвел.
Үш жылға сотталғанына қарамастан Мамвел бұл оқиғаны трагедия деп санамаған. Тіпті түрмеден шыққан соң қайта торға оралу туралы ойлаған.
– 1999 жылы бостандыққа шыққаныммен бірнеше күннен кейін қайта түрмеге оралғым келді. Түрмеде достарым бар еді. Бұл жер маған бостандықтан гөрі түсінікті, алдын ала болжанған орын сияқты көрінді, – дейді Мамвел.
Уақыт өте Мамвелдің сыртқы әлеммен байланысы әлсірейді. Келесі бостандыққа шыққанында анасының қайтыс болғанын естіп, сыртта ешкімнің күтпегенін сезеді. Осылайша жылдар өтеді, қысқа бостандық кезеңдері жаңа сот жазаларымен алмасады. Осы аралықта Мамвел үйленіп, балалы болады, бірақ кейін ажырасады. Ал қосымша соққы алкогольге тәуелділікке әкелді. Соңында қайта түрмеге түседі. Алайда бұл қамау Мамвелді түбегейлі өзгертіпті. Түрмеде ол әйел жазасын өтеушімен танысып, өмірге көзқарасын өзгерткен.
– Қазір пробация қызметінде есептемін және қайта әлеуметтену бағдарламасынан өтіп жатырмын. Өндіріске жұмысқа тұрдым, себебі етікшіге сұраныс болмады, – дейді ол.
Мамвел жақында түрмедегі сүйіктісімен заңды некеге тұрғанын да айтты. Алдағы уақытта Көкшетаудан етік жөндейтін цех ашуды жоспарлап отыр. Осылайша, пробация Мамвел үшін түрме мен бостандық арасындағы көпір болды. Ол мамандардың көмегімен және өз күш-жігерімен шеңберден шығып, біртіндеп қалыпты өмірге оралуды ойлайды.
Деректерге сүйенсек, қайта әлеуметтену бағдарламасынан кейін қайталанатын қылмыстар 16,5%-ға төмендеген. Нақты көрсеткіш бағдарламаның тиімділігін дәлелдеп тұрғандай...